Чемпиондар лигасы. "Ливерпуль" ұтты, "Барселона" ойсырай ұтылды

Нұржамал Үсенова Корреспондент
Нұржамал Үсенова>
Чемпиондар лигасы. "Ливерпуль" ұтты, "Барселона" ойсырай ұтылды

Футболдан Чемпиондар лигасының 1/8 финалындағы ойындар басталды. Камп Ноуда "Барселона" Париждің ПСЖ клубына есе жіберсе, Будапештте өткен кездесуде "Ливерпуль" Германияның "Лейпциг" командасын ұтты.

БӨЛІСУ

"Барселона" (Испания) – ПСЖ (Франция) 1:4
(Месси, 27 (пенальтиден) — Мбаппе, 32, 65, 86 Кин, 70)

Футбол жанкүйерлері Чемпиондар лигасы ойындарын асыға күтті. Әсіресе осы екі команда арасындағы текетіресті тамашалағысы келгендер көп болғаны анық. Жеребе тартылған сәттен бастап-ақ осы кезеңдегі басты ойынның бірі саналған.

"Камп Ноудағы" ойынды алаң иелері ширақ бастаған. 27 минутта бас төреші Бернд Кейперс ПСЖ қақпасына пенальти белгіледі. Каталондық клуб капитаны Лионель Месси 11 метрлік соққыдан мүлт кетпеді. Оның тепкен добын Кейлор Навас қайтарып үлгермеді.

Араға 5 минут сала Килиан Мбаппе таразы басын теңестірді. Марко Вератти асырған пасты сәтті пайдаланды.

Екінші таймда Маурисио Почеттино жаттықтыратын париждік команданың адуыны артты. 65 минутта Килиан Мбаппе дубль жасап, командасын алға шығарды. Араға 5 минут сала Мойзе Кин "Барселона" қақпасының торында үшінші рет допты тулатты.

Ойын аяқталар тұста ПСЖ командасының қарымта шабуылы қарқынды болып, ойындағы төртінші голын соқты. Сұрмерген Мбаппе хет-трик жасап, мықтылығын тағы бір дәлелдей түсті.

Екі команда арасындағы қарымта ойын 11 наурызда өтеді.

"Лейпциг" (Германия) – "Ливерпуль" (Англия) 0:2
(Салах, 52, Мане, 58)

Коронавирус пандемиясына байланысты кей елдерде қатаң шаралар қабылданған. Соның әсерінен "Лейпциг" өз алаңындағы ойынын Венгрия елінің астанасы Будапештте өткізді. Дәл осындай себеппен алдағы "Атлетико" – "Челси" (Бухарестте) және "Боруссия М" – "Манчестер Сити" (Будапешт) ойындары да өзге алаңдарда өтеді.

"Пушкаш Аренада" болған ойында "Ливерпуль" айқын жеңіске жетті. Мерсисайдтық команда екі голды да екінші таймда соқты. Бірінші болып Мохаммед Салах мергендік танытса, екінші голды Садио Мане өз еншісіне жазды.

Екі команда арасындағы қарымта ойын 11 наурыз күні өтеді.