Бүгін футболдан Еуропаның басты бәсекелерінің бірі – Чемпиондар лигасының топтық кезеңіндегі үшінші кездесулер өтеді. Ал біз әдеттегідей, ойындар алдындағы шолуымызды ұсынамыз.
«Манчестер Сити» Мәскеуге аспазшысымен келді
«Е» тобының аутсайдері мәскеулік клуб екені айқын болса, фавориті «Бавария» мен «Манчестер Сити» болатын. Бірақ, ортаңқол саналған римдік «Рома» да оңайлықпен беріспейтіндіктерін дәлелдеп келеді. Бүгін «ЦСКА» бір ұпайы бар ағылшындық клубты өз алаңында қабылдайды. Ал Мануэль Пеллегрини шәкірттеріне үш ұпайдың ауадай қажет екені мәлім. Егер ұпай жоғалтып жатса, топтан шығу жағдайы қиындары сөзсіз. Астана уақытымен 22:00-де басталатын кездесу УЕФА шешімімен жанкүйерлерсіз өтетін болады. Сонымен қатар, қонақтар сапынан ойынға Фрэнк Лэмпард пен Самир Насри қатыспайды.
Екі күн алдын Мәскеуге келген «Манчестер Сити» өздерімен бірге азпазшысын да ерте келіпті...
Римдіктер ерлік жасай ма?
Бұл топтағы екінші кездесу Римде өтеді. Жергілікті «Рома» мюнхендік «Баварияны» қабылдайтын болады. Хосеп Гвардиола үшін бүгін үлкен сынақ болмақ. Франк Риберидің қатарға қосылуы қуантқанмен, команда әлі толықтай жоғарғы деңгейдегі ойын дәрежесіне орала алмай келеді. Есесіне «Романың» қарымы мықты. Бүгін жеңілмейтін секілді. Кездесуді «КТК» арнасынан тіклей эфирде тамашалай аласыздар.
Златансыз «ПСЖ»
«F» тобында Лоран Блан жаттықтыратын париждік клуб «АПОЭЛ» командасында қонақта болады. Екінші турда каталондық клубты жеңген «ПСЖ» бүгін Кипрден үш ұпай еншілеп қайтуға белді бекем буып отыр. Ал алаң иелері еншісінде 1 ұпай бар. Еуропа лигасына жолдама алу үшін талас жүргізіп көретін болады.
Месси де рекорд жасауға жақындап келеді
Бұл топта бүгін «Барселона» «Аякспен» кездеседі. «Камп Ноудағы» кездесудің фавориті сөзсіз алаң иелері. Екі ойында тең ойнаған нидерландылық клубтың қарымын байқап көрмек. Сонымен қатар, бүгін Лионель Месси покер жасап жатса, Чемпиондар лигасы тарихындағы ең үздік сұрмерген атанатын болады.
Ди Маттео Чемпиондар лигасына қайта оралды
Жақында ғана гелзенкирхендік клубтың тізгінін ұстаған Роберто Ди Маттео бүгін «Спортингпен» өтетін ойында шәкірттерін алаңға алып шығады. Алаң иелері жанкүйерлеріне жеңісті сағындырғаны рас. Бундеслиганың соңғы турында ғана көп күттірген үш ұпайды алды. Бүгін футбол мамандары «Шальке» жеңіске жетуі мүмкін деген болжамдар жасауда. Айта кетейік, Роберто Ди Маттео 2012 жылы лондондық "Челсиді" уақытша жаттықтырып жүргенде Чемпиондар лигасын жеңіп алған болатын.
Жозе бүгін қандай жүйе ұстанады?
«G» тобындағы екінші ойын «Челси» мен «Марибор» командалары арасында өтеді. 4 ұпаймен топ бастап тұрған «ақсүйектер» үшін бүгінгі ойында ұпай еншілеудің маңызы зор. «Марибор» да мықты. Осыған дейінгі екі ойында словениялық клуб тең нәтижеге қол жеткізе білді. Бірақ, Жозе ұстанған ойын жүйесін тас-талқан ету кез келген клубтың қолынан келе бермейді.
«БАТЭ» барын салуға дайын
Өз алаңында Бильбаоның «Атлетигін» тізерлеткен Беларусь елінің футбол клубы бүгін донецкілік «Шахтердың» күшін байқап көрмек. Десе де, қонақтардың Чемпиондар лигасында тәжірбиесі бар екенін ұмытпағанымыз абзал. Екі ойын қорытындысында «БАТЭ» ұжымында 3 ұпай, украиналық клубта 2 ұпай бар.
«Порту» жеңісіне күмән келтірушілер аз...
«Н» тобының екінші жұбында «Порту» мен «Атлетик» командалары кездеседі. Жақында ел кубогы ойынында «Спортингке» есе жіберген «Драгау» стадионының иелері бүгін испандық клубты жеңіп, жанкүйерлерін қуантпақ ниетте. Ал бильбаолық клуб болса, соңғы сегіз кездесуінде жеңіске жеткен жоқ. Футбол сарапшылары бүгін де қонақтардың ұпай еншілеуіне күмәнмен қарауда.
Мәскеуде өтетін кездесуден өзгелері Астана уақытымен сағат түнгі 00:45-те басталады.
Сурет: sports.ru, goal.net.ua