Чемпиондар лигасы. Бүгін 1/8 финалдағы ойындар басталады

О Сансызбай Корреспондент
О Сансызбай>
Чемпиондар лигасы. Бүгін 1/8 финалдағы ойындар басталады
Фото ©️ nss magazine, AFP

Футболсүйер қауым асыға күткен Чемпиондар лигасы плей-офф кезеңінің ойындары бүгін түнде басталады. 1/8 финалдағы алғашқы ойындарды "МЮ" (Англия) - ПСЖ (Франция), "Рома" (Италия) - "Порту" (Португалия) клубтары арасындағы кездесулер бастайды. Ал біз ойындарға қысқа шолуымызды ұсынамыз.

БӨЛІСУ

"Манчестер Юнайтед" - ПСЖ

Екі команда арасындағы алғашқы ойын әйгілі "Олд Траффорд" стадионында өтеді. Алаң иелері бас жаттықтырушы Уле-Гуннар Сульшер келгелі жеңілу дегенді ұмытты. Оған дейін құр сүлдерін сүйретіп келген клуб ойыншылары ерекше серпін алды. 10 ойында (8 - премьер-лига, 2 - кубок) жеңіске жетіп, премьер-лиганың 1 ойынында ("Бернли") тең ойнады.

"Қызыл сойқандардың" ойыны қыза түсті. Ағылшын премьер-лигасындағы үздік төрттікке енді. Жозе Моуринью осы маусымда қанша жетелесе де команда бұл межеге жетпеген еді. Ал норвег жаттықтырушысы тығырықтан шығар жол тапты. Ендігі кезек - Чемпиондар лигасында!

Францияның ПСЖ клубы да Еуропадағы алпауыт командалардың бірі. Соңғы жылдары клуб басшылығы команда құрамын ең мықты ойыншылармен жасақтап келеді. Олардың басты мақсаты - Чемпиондар лигасында топ жару. Бірақ әзірге париждік командаға бұл жетістік бұйырмай келеді. Бәлкім, биыл көрерміз.

Жеребе ағылшындық клубты жолдас еткенде Томас Тухель командасы қуанғандай-ақ болған. Ол кезде манкуниандық клуб құрдымда жүрген кез еді. Уле-Гуннар Сульшер келісімен бәрі өзгерді. Енді ПСЖ сескене бастады. Одан өзге команда қатарында жарақат алған ойыншылар да бар. Әсіресе Неймардың жарақат алуы - париждік клуб жанкүйерлерінің жанына батып-ақ тұр. Шабуылшы Эдинсон Кавани де бүгін командасына көмектесе алмайтын көрінеді.

Алаңға шығуы мүмкін құрам:

"Манчестер Юнайтед": Де Хеа, Шоу, Джонс, Линделеф, Янг, Матич, Погба. Эррера, Лингард, Рэшфорд, Марсьяль.

ПСЖ: Буффон, Кимпембе, Силва, Керер, Бернат, Паредес, Маркиньос, Дракслер, Алвес, Мбаппе, Ди Мария.

Екі команда осыған дейін еурокубок ойындарында кездеспеген. Алғаш рет ойнап, ширек финалдың жолдамасын сарапқа салады.

Ойын Астана уақытымен түнгі сағат 02:00-де басталады. Тікелей эфирде "QazSport" арнасы көрсетеді.

"Рома" - "Порту"

Италия мен Португалияның командалары осыған дейін бір-бірімен 4 рет кездескен. Римдік команда бірде-бір рет ұтпаған. 2 кездесу тең аяқталып, 2 ойында "Порту" жеңіске жеткен.

Жеребе тартылғанда португалдық клуб бірден фаворит саналған. Себебі "Рома" ең бір сүреңсіз ойынын көрсетіп жүрген кез еді (бірер ай бұрын). Қазір римдік команданың ойыны түзелгенмен, бәрібір "Портудың" ширек финалға шығу мүмкіндігі жоғары бағалануда. Себебі қарымта ойынды өз алаңында өткізеді.

"Ромада" мүмкіндік жоқ деп айтуға келмейді. Бүгін өз алаңдарында гол жібермей, қарсыласты ірі есеп айырмасымен ұтуды көздеуде. Де Россидің қатарға қосылуы көп көмек болмақ. Сондай-ақ қонақтар сапынан Мусса Марега (жарақат) мен Хесус Коронаның (шеттетілген) алаңға шықпауы да римдіктер үшін тиімді. Абубакар мен Макси Перейра ("Порту") да алаңға шықпауы мүмкін.

Алаңға шығуы мүмкін құрам:

"Рома": Миранте, Карсдорп, Фасио, Маркано, Коларов, Кристанте, Н’Зонзи, Дзаньоло, Эль-Шаарави, Джеко, Клюйверт.

"Порту": Касильяс, Теллес, Монтейро, Эдер, Мораеш, Д. Перейра, Браими, Эррера, Эрнани, Отавио, А. Лопес.

Бұл ойын да Астана уақытымен түнгі сағат 02:00-де басталады. Тікелей эфирде "Қазақстан" ұлттық арнасы көрсетеді.