Чемпиондар лигасы. "Бавария", "Ювентус" пен ПСЖ – плей-оффта!

Нұржамал Үсенова Корреспондент
Нұржамал Үсенова>
Чемпиондар лигасы. "Бавария", "Ювентус" пен ПСЖ – плей-оффта!
Фото ©️ en.as.com

Футболдан Чемпиондар лигасының IV тур ойындары аяқталды. Топтық кезеңдегі төрт ойын нәтижесі бойынша плей-оффқа шыққан алғашқы командалар анықталып үлгерді.

БӨЛІСУ

Плей-оффтың жолдамасын бірінші болып "Бавария" жеңіп алды. "В" тобындағы төрт ойында да жеңіске жетіп, ұпайдан шашау шығармады. 15 гол соғып, 4 рет өз қақпаларынан доп алып шықты. Бас бапкерін қызметінен босатса да, "Олимпиакосқа" қарсы ойында жеңіске бастар жолды тапты. Екі голдың бірін Роберт Левандовский, бірін Иван Перичич соқты.

"В" тобындағы екінші ойында "Тоттенхэм" Сербияның "Црвена Звезда" клубын 4:0 есебімен ойсырата ұтты. Бұл ойында қонақтар сапынан Ло Селсо мен Эриксен бір-бір голдан соқса, Сон Хын Мин дубль жасады.

Мәскеуде "Локомотивті" ұтқан "Ювентус" та 1/16 финалға қадам басты. Бірінші тайм басында екі команда бір-бір голдан соғып алды. Туриндік команда жеңіс голын соңғы минутта соғып, алаң иелерін сан соқтырды.

"Ювентустан" кейінгі орында "Атлетико" (Мадрид) келеді. Төртінші турда бұл команда жеңіске жеткенде екінші жолдаманы иеленетін-ақ еді. Бірақ мадридтік команда Леверкузенде "Байерге" есе жіберді. Неміс ұжымы 2:1 есебімен жеңіске жетті.

Париждің ПСЖ клубы да төрт ойында ұпайдан шашау шығармады. Төртінші турда "Брюггені" ұтты. Ойында команда жеңіс сыйлаған голды Мауро Икарди соқты.

"А" тобындағы екінші фаворит "Реал Мадрид" еді. "Корольдік клуб" түнде түріктің "Галатасарайын" 6:0 есебімен ұтты. Жас бразилиялық ойыншы Родриго хет-трик жасаса, Бензема дубль авторы атанды. Бір голды пенальтиден Серхио Рамос соқты.

"С" тобында 10 ұпаймен "Манчестер Сити" көш бастап тұр. Осыған дейін 3 ойында да жеңіске жеткен. Топтағы төртінші ойында тең түсті. "Аталантаға" қарсы ойын ауыр соқты. Ойында негізгі қақпашысы жарақат алып, алаңға шыққан Клаудио Браво ойыннан қуылды. Соңғы 10 минутта команда қақпасын қорғаушы Кайл Уокер қорғады. Нәтижесінде ойын 1:1 есебімен аяқталды.

Бұл топтағы екінші жолдамаға талас Загребтің "Динамосы" мен Донецкінің "Шахтеры" арасында жалғаса түспек. Түнде өткен ойында 3:3 есебімен тең тарқасты.

Чемпиондар лигасының V туры 26-27 қараша күндері өтеді.