Чемпиондар лигасы. «Бавария» - жеңеді, «ПСЖ» - жеңілмейді

О Сансызбай Корреспондент
О Сансызбай>
Чемпиондар лигасы. «Бавария» - жеңеді, «ПСЖ» - жеңілмейді

Бүгін футболдан Чемпиондар лигасының 1/8 финалындағы ойындар басталады. Жанкүйерлер асыға күткен екі кездесу Астана уақытымен түнгі 01:45-ке жоспарланған. Ал біз әдеттегідей, кездесулер алдындағы шолуымызды ұсынамыз.

БӨЛІСУ

 PSG vs Chelsea

Парижде жергілікті «ПСЖ» лондондық «Челсимен» кездеседі. Екі команда арасындағы ойын 1/8 финалдағы аса тартысты кездесулердің бірі. Нақты фаворитті дөп басып айту қиындау. Десе де Жозе Моуринью шәкірттері екінші ойынын өз алаңында өткізетінін ескере келе, келесі кезеңге «ақсүйектер» өтуі әбден мүмкін деп қарайтындар қарасы көп.

Лоран Блан баптайтын париждік клуб өз алаңында тәуір ойнайтын ұжымдар қатарынан. Тіпті, топтық кезеңде каталондық «Барселонаны» да жеңе білді. Бірақ, «Челси» мен «Барселонаны» салыстыруға келмейді. Екеуінің ойын жүйесі екі бөлек. Сондықтан да екі команданың бапкерлеріне ойын жүйесін дұрыс ұстану маңызды рөл атқарады.

«ПСЖ» «Челсидан» өткен маусымдағы есесін қайтаруға ұмтылары сөзсіз. Естеріңізде болса, өткен жылы ширек финалда лондондық команда дәл осы «Парк де Пренсте» соққан голының арқасында келесі кезеңге өткен еді. Жалпы екі команда Чемпиондар лигасында 4 ойын өткізген. Екі ойында «Челси» жеңсе, бір кездесуде «ПСЖ» басым түскен. Бір ойын тең аяқталған.

Париждік клуб соңғы турда «Канды» екі доп басымдығымен жеңіп тұрып, қосымша уақытта тең ойнап қалды. Ал «Челси» болса өз алаңында «Эвертонды» жеңді. Бір айта кететіні, париждік клуб өз алаңында жеңілмегеніне 9 айға жуық уақыт болыпты. Мұны ескерген футбол мамандары бұл көрсеткіштің жойыларына күмәнмен қарауда.

«ПСЖ» өз алаңында бірінші нөмірмен өнер көрсетері анық. Жозе Моуринью шәкірттері бұл жағдайға мүмкіндік беруі бек мүмкін. Бірақ, лондондық клубтың өз ойын жүйесі бар. Қарсыластарының қателігін күтетін болады. Қарымта шабуылда сан соқтырып кетуге толықтай мүмкіндіктері жетеді. Десе де футбол мамандары бұл кездесуде тең есеп тіркеледі деп болжауда. Тіпті, есеп ашылмауы мүмкін деп те күтілуде.

Бүгін Лоран Блан шәкірттері қатарынан Йоан Кабай, Лукас Моура, Серж Орье және Маркиньос ойынға анық қатыспайды. Ал Тьяго Мотта, Блез Матюди, Адриен Рабьо және Хавьер Пасторенің қатысу-қатыспаулары белгісіз қалып отыр. Бұл ойыншылардың барлығының жарақаттары бар екен.

Ал «Челси» сапынан Сеск Фабрегас ойынға қатыспауы мүмкін. Ол кездесу алдында аздап тұмауратып қалған. Премьер-лигада бірнеше ойынға шеттетілген Диего Коста алаңға шығады. Сонымен қатар, Жозе Джон Оби Микельді команда құрамына енгізбепті. Бастысы – лондондық клубтың негізгі ойыншылары дін-аман.

Сонымен бүгін түнгі 01:45-те басталатын кездесу туралы букмекерлік орталықтар да өз болжамдарын ұсынуда. «ПСЖ» жеңісіне – 2,67 коэффициент, тең ойынға – 3,13 коэффициент, «Челси» жеңісіне – 2,84 коэффициент беріп отыр. Нақты нәтиже бойынша есеп 0:0 немесе 1:1  болып аяқталуы мүмкін деген болжамдар жасалуда.

Жанкүйер қауым асыға күткен кездесуді «КТК» арнасынан тамашалай аласыздар. Ойынға түркиялық төреші Джюнет Чакир қазылық жасайды. Жалпы мәлімет бойынша әр ойында 4 сары қағаздан кем көрсетпейді екен.

Shahter vs Bayern

Мюнхендік «Бавария» бүгін донецкілік «Шахтерда» қонақта болады. Ойын Львов қаласында өтеді. Елдегі жағдайларға байланысты қауіпсіз шаралары да күшейтілген.

Мирча Луческу шәкірттері бұл ойынға қыс бойы дайындалды. Бразилияда оқу-жаттығу жиындарын өткізіп, жолдастық кездесулер өткізді. Трансфер кезеңінде белді ойыншыларын сатуға да құлшыныс танытпады.

Донецкілік клуб мюнхендіктер қатарынан Хави Мартинес, Филипп Лам және Тиаго Алькантараның қатыспайтынын ертерек білгенімен, соңғы ойында клуб бұл ойыншыларсыз-ақ «Гамбургты» тас-талқан ете жеңді.

Бүгін украиналық клубтан күтпеген сый күтіп отырған спорт мамандары аз. Себебі, команда демалыс уақытында жүргендіктен нақты бір шеберлік деңгейінде емес. Оның үстіне Тарас Степаненконың ойыннан шеттетілуі мен Бернардтың жарақат алуы да командаға соққы болып отыр. Десе де «Бавария» бүгін ірі есеппен жеңіске жетпейді деп күтілуде.

Букмекерлік орталықтар «Шахтер» жеңісіне – 8,25 коэффициент, тең ойынға – 4,92 коэффициент, «Бавария» жеңісіне – 1,39 коэффициент беріп отыр. Нақты нәтиже бойынша есеп 0:2 немесе 1:3  болып аяқталуы мүмкін деген болжамдар жасалуда. Ойын Астана уақытымен сағат түнгі 01:45-те басталады.

Әрине, бүгін түндегі кездесулер нағыз тартысқа толы болмақ. Спорт, әсіресе футболда күтпеген нәтижелер көптеп кездеседі. Сондықтан да біз спортсүйер қауымның болжамдарын ғана жинақтадық. Ал сіздер бұл ойындар туралы қандай ой қосасыздар? Айта отырыңыздар!

Сурет: kp.ua, vk.com

Оқи отырыңыз

Чемпиондар лигасы. Роналду Мессиден озды

Чемпиондар лигасы. Хави мен Тотти рекорд жаңартты

Чемпиондар лигасы. Жозе рекорд жасар күн