Чемпиондар лигасы. «Барса» мен «Ювентус» жеңіске жете ме?

О Сансызбай Корреспондент
О Сансызбай>
Чемпиондар лигасы. «Барса» мен «Ювентус» жеңіске жете ме?

Бүгін түнде футболдан Чемпиондар лигасының 1/8 финалындағы екі кездесу өтеді. Англияда «Манчестер Сити» каталондық «Барселонаны» қабылдаса, дортмундтық «Боруссия» туриндік «Ювентуста» қонақта болады.

БӨЛІСУ

Manchester Citу vs Barcelona

Мануэль Пеллегрини жаттықтыратын клуб екінші жыл қатарынан «Барселонамен» 1/8 финалда кездесіп отыр. Өткен жылы каталондық клуб «Манчестер Ситиді» «Эттихадта» екі доп басымдығымен жеңіп кеткен болатын. Бұл жолы қалай боларын бүгінгі ойын көрсететін болады.

Ойында испандық клуб аз болса да фаворит екені рас. Себебі, «қалалықтарға» қарағанда ойыны тұрақтылау. Оның үстіне бүгін «Манчестер Сити» сапынан ойыннан шеттетілген Яя Туре қатыспайды. Бірақ, Испания чемпионатының соңғы турында «Барселона» да ойда-жоқта жеңіліп қалды. Клубтың да осал тұсы барын аңғарған жөн. Өткен маусымда Мануэль Пеллегрини дұрыс ойын жүйесін ұстана алмай, жеңілген еді.

«Барселонаға» қарсы бірінші нөмірмен ойнау оңай емес. Сондықтан, бүгін алаңа иелері асықпай сақ ойнауы тиіс. Себебі, бірден шабуылға лап беретін болса, қарымта шабуылға қарсы тұра алмай қалуы мүмкін.

«Манчестер Сити» соңғы ойынында «Ньюкаслды» ойсырата жеңді. Бұл да командаға рухани күш сыйлайтыны анық. Ал бүгінгі ойынға қатыспайтын Яя Туре өзін көрсете алмаған-ды. Бәлкім, Африка кубогы ойындарынан кейін бабына келе алмай жүрген болар. Егер дәл солай болса, командаға бүгін көмегін тигізе алмайтын еді.

Ағылшындық клубқа «Камп Ноудағы» ойын ауыр соғары сөзсіз. Сондықтан да бүгін нәтижелі ойын көрсетуге тырыспақ. Ал испандық ұжым бүгін біраз мәселені шешіп кеткісі келеді. «Малагаға» қарсы ойында мықтылығын таныта алмаған Месси, Неймар және Суарес жұбы барын салмақ. Аргентиналық сұрмерген гол соғатын болса Чемпиондар лигасының мергендер көшіндегі голдарының санын арттыра түсетін болады.

Сонымен бүгін түнгі 01:45-те басталатын кездесу туралы букмекерлік орталықтар да өз болжамдарын ұсынуда. «Манчестер Сити» жеңісіне – 3,6 коэффициент, тең ойынға – 3,66 коэффициент, «Барселона» жеңісіне –2,09 коэффициент беріп отыр. Нақты нәтиже бойынша есеп 1:1 немесе 1:2 болып аяқталуы мүмкін деген болжамдар жасалуда.

Жанкүйер қауым асыға күткен кездесуді «КТК» арнасынан тамашалай аласыздар. Ойынға неміс төрешісі Феликс Брих қазылық жасайды. Жалпы мәлімет бойынша әр ойында 4 сары қағаздан кем көрсетпейді екен.

Juventus vs Borussia Dortmund

Бүгін Туринде өтетін ойын да тартысты болмақ. Бундеслигада бағы жанбай, Чемпиондар лигасында түлеп сала келетін дортмундтық «Боруссияның» «Ювентусқа» қарсы ойынын көретін боламыз.

Италиялық клуб ішкі біріншілікте сәтті өнер көрсетіп келеді. Ал Юрген Клопп шәкірттері болса бундеслигада қалу үшін күресіп жүр. Байқағандарыңыздай, екі клубтың жағдайы екі түрлі.

«Ювентус» тек шабуылды ғана басты назарға алып ойнайтын командалар қатарынан емес. Қорғанысты да ұмытпайды. Мұны топтық кезеңдегі нәтижесінен қарап байқауға болады. Бірақ, «Боруссия» да қарымта шабуылда осал емес. Қонақтар жолдама мәселесін шешуші кездесуге қалдыруға ұмтылатын болады. Бір гол соқса, соның өзі үлкен нәтиже болары сөзсіз.

Букмекерлік орталықтар «Ювентус» жеңісіне – 2,04 коэффициент, тең ойынға – 3,37 коэффициент, «Боруссия» жеңісіне – 4,13 коэффициент беріп отыр. Ойын Астана уақытымен сағат түнгі 01:45-те басталады.

Әрине, бүгін түндегі кездесулер нағыз тартысқа толы болмақ. Спорт, әсіресе футболда күтпеген нәтижелер көптеп кездеседі. Ал сіздер бұл ойындар туралы қандай ой қосасыздар? Айта отырыңыздар!

Сурет: vk.com

Оқи отырыңыз

Чемпиондар лигасы. «Реал» «Баварияның» рекордын қайталады

Чемпиондар лигасы. Тең есептер тіркелді (видео)

Чемпиондар лигасы. «Бавария» - жеңеді, «ПСЖ» - жеңілмейді

Чемпиондар лигасы. Роналду Мессиден озды