Чемпиондар Лигасының 1/8 финалы аясындағы алғашқы ойындар жалғасын тапты. Қорытынды нәтижелермен хабардар бола отырыңыз.
«Арсенал» (Англия) – «Бавария» (Германия)
Кездесуді «канонирлер» жүйелі түрде бастаған. Жылдам алма-кезек шабуылдар жанкүйерлердің айызын бір қандырумен болды десек болады. 8 минутта айып алаңының ішінде қонақтар қорғаушысы Джером Боатенг Озилге қарсы ойын ережесін бұзып, пенальти белгіленді. 11 метрлік айып добын бағыттаған Месут Озилдің добын Мануэль Нойер өз қақпасына дарытпады. 30 минуттан аса «Бавария» ойынды қолға ала бастады. 38 минутта Роббенге қарсы ойын ережесін бұзған «Арсенал» қақпашысы Шченсны алаңнан қуылды. 11 метрлік айып добын Давид Алаба сәтті орындай алмады.
Екінші таймда мюнхендік команда өз басымдығын пайдалана бастады. 54 минутта команда капитаны Филип Ламның берген пасын Тони Кроос қақпаға қия бағыттап есеп ашты. Кездесу аяқталар тұста Лам екінші нәтижелі пасымен көзге түсіп, Томас Мюллер есепті 2:0-ге жеткізді. Мануэль Нойер өзіндік шеберлігімен тағы бір танылды.
«Милан» (Италия) – «Атлетико» (Испания)
Ойын алдында аздап басымдығы бар саналған мадридтік «Атлетико» «Миланды» бір доп басымдығымен жеңіп кетті. Ойынды миландықтар ширақ бастағанымен, өз нәтижелеріне қол жеткізе алмады. Кларенс Зеедорф шәкірттері доп ұстау басымдығы мен соққы бағыттаумен ерекшеленгенімен сәттілік жетісе қоймады. Алғашқы таймда есеп ашылмады. Ойын аяқталуға 8 минуттай қалғанда Диего Коста бұрыштама добын нәтижеге айналдырып, кездесудегі жеңіс голын соғып кетті.
Енді қонақта өнер көрсететін "Арсенал" мен "Миланға" қарымта кездесулер оңай соқпасы анық.
Дайындаған: Өмірбек Сансызбай
Сурет: vk.com