Чемпиондар лигасы. 3 гол соққан Роналду "Ювентусті" ширек финалға шығарды

О Сансызбай Корреспондент
О Сансызбай>
Чемпиондар лигасы. 3 гол соққан Роналду "Ювентусті" ширек финалға шығарды
Фото ©️ Reuters


Футболдан Чемпиондар лигасының ширек финалына шыққан командалар саны тағы екеуге артты. Туринде "Ювентус" (Италия) "Атлетиконы" (Испания) 3:0 есебімен ұтса, "Манчестер Сити" (Англия) өз алаңында "Шальке" (Германия) қақпасына жауапсыз 7 гол соқты.

БӨЛІСУ

"Ювентус" – "Атлетико" 3:0

Екі команда арасындағы бірінші ойында мадридтік ұжым 2:0 есебімен жеңіске жеткен болатын. Қарымта ойында туриндік клубтың мысы басым болды. Қонақтар қақпасына жауапсыз 3 гол соғып, ширек финал жолдамасын иеленді.

Ойында португалдық футболшы Криштиану Роналду айрықша шебер ойынымен көзге түсті. 3 голды да өз еншісіне жазып, хет-трик жасады. Дәл осы көрсеткіш бойынша Лионель Мессимен теңесті (8 хет-трик).

Шабуылшы ойындағы бірінші голын 27 минутта соқты. Бернардески асырған допты қақпаға қорғаушыдан бұрын жетіп баспен бағыттады. Екінші голын да Роналду баспен соқты. Бұл жолы нәтижелі пасты Жоау Канселу берді. Ал кездесу аяқталар сәтте Хименес өз айып алаңында Бернардескиге қарсы ереже бұзып, бас төреші Бернд Кейперс пенальти белгіледі. Роналду бұл мүмкіндігін мүлт жібермеді. "Ювентусқа" жеңіс сыйлаған үшінші голын соқты.

Қос ойын қорытындысы бойынша италиялық команда 3:2 есебімен 1/4 финалға шықты.


"Манчестер Сити" – "Шальке" 7:0

Хосеп Гвардиола жаттықтыратын ағылшындық команда Германиядан барған клубқа азуын батырды. Алғашқы ойында да "Манчестер Сити" ұтқан. 3:2 есебімен басым болған еді. Бұл жолы "Этихадта" қонақтар қақпасына жауапсыз 7 гол соқты.

Ойында Серхио Агуэро дубль жасады. Лерой Сане, Рахим Стерлинг, Бернарду Силва, Фил Фоден мен Габриэль Жезус бір-бір голдан соғып шықты.


Айта кетейік, осыған дейін "Манчестер Юнайтед" (Англия), "Порту" (Португалия), "Аякс" (Нидерланд) және "Тоттенхэм" (Англия) командалары ширек финалға шыққан болатын.

13 наурыздан 14 наурызға қараған түні "Барселона" (Испания) - "Лион" (Франция) және "Бавария" (Германия) - "Ливерпуль" (Англия) командалары арасындағы ойындар өтеді. Екі ойында да бірінші матчтары 0:0 есебімен аяқталған.