Лондонның «Челси» футбол клубы алдағы уақытта бір маусым бойы «Туикенем» регби алаңында ойындарын өткізуі мүмкін. Өйткені, клубтың ресми стадионы «Стэмфорд Бридж» күрделі жөндеуден өтіп, кеңейтілмек.
Англия регби федерациясы «ақсүйектер» басшылығының регби алаңында ойындарын өткізуге рұқсат сұрағанын растап отыр. «Туикенем» стадионы бір мезетте 82 000 жанкүйерді қабылдай алады. Бірақ, осыған дейін бұл стадионда футбол кездесуі өтпеген, және өткізу құқығы да жоқ екен. Сонымен қатар, 2015 жылдың қыркүйек-қазан айларында бұл стадионда регбиден әлем чемпионаты да өтпек.
«Стэмфорд Бридж» стадионының негізі 1877 жылы қаланған. Англиядағы көне стадиондардың қатарында. 41 000 жанкүйер ойын тамашалай алатын алаң жаңа жөндеу жұмыстарынан кейін 60 000 орындық болып кеңейтілмек. Ал жөндеу жұмыстарының қашан басталатыны әзірге белгісіз.
Дайындаған: Өмірбек Сансызбай