Ағылшын біріншілігінің 24-турында лондондық "Челси" командасы қонақта "Манчестер Ситиді" 1:0 есебімен тізе бүктірді...
Тартысқа толы өткен матчта лондондықтардың сербиялық қорғаушысы Бранислав Иванович шешуші голдың авторы атанды. Ойынның 32-минутында есеп ашқан болатын.
«Челси» 53 ұпай жинап, екінші орындағы «Манчестер Ситимен» ұпай санымен теңесті. Ал лондондық «Арсенал» 55 ұпаймен турнирдің көш басында келеді...
Англияның ішкі біріншілігін жеңіп алуға басты үміткер саналатын қос команда өзара тартысқа толы ойын өткізді. Жозе бұл күні өз сөзінде тұра алды. Роман Абрамовичтің командасы ашық шабуылға шыға қоймағанымен, үлгілі ойын мәнерімен тәнті етті. Бір сөзбен айтқанда, бұл күні "ақсүйектер" "Этихад" төрінде жеңіс командасы саналып келген "Ман Ситиге" тойтарыс беріп, турнир кестесіндегі өз жағдайын жақсартуға мүмкіндік алды.
Чилилік маманның Жозеге қайтарған жауабының қарымтасын осылай танып отырған жайымыз бар. Сөзден гөрі ойынға қарайлаған Пеллегрини Моурмен сөз тайталасына түсіп, қарсы жауап беруі керек пе еді?! Сонда, бәлкім, бүгінгі болған ойынға дұрыс жоспар жасап, дұрыс долбар қылар ма еді? Өз көздеріңіз көріп отырғандай, лондондықтар азулы саналған "Ман Ситиді" өз үйінің төрінде сан соқтырып, тең есептің өзіне жеткізбей кетті.
Моур өзінің Пеллегриниден айлалы екені тағы бір танытты. Иә, өз үйлерінің төрінде лондондықтардың жеңісін лайықсыз деп танығандар болған еді. Бірақ, бұл ойыннан соң ол райларынан қайтатын шығар. Себебі, Пеллегринидің өзі ойын соңында Жозенің қолын алды. Бәрінен бұрын, "Ман Ситидің" аяқ алысы бір кем шыққан күн болды. Оған не себеп десеңіз, жарақат алып қалған бірнеше ойыншыны атауға болар еді. Бірақ, бұл ойында "қалалықтар" негізгі құрамдарынан ауытқи қойған жоқ. Сол баяғы Туре мен сол баяғы Компанилер ойынға бірінші минуттардан араласты.
Бұл күні "ақсүйектер" Компанидің кең көсілуіне мүмкіндік бермеді. Бельгиялық қорғаушының ұзын пастары мен іс-қимылын жетік білетін лондондықтар, алғашқы минуттардан-ақ аталған ойыншының аяқ алысын қысып ұстауға тырысты. Нәтижесінде Джекоға ұзын пас беруге көшкенмен, көпшілігін Терри баспен қағып жатты.
Бүгінгі ойында Немань Матичтің тамаша ойын өрнегімен көзге түскенін айта кеткіміз келеді. Және ойын соңына дейін қызықты қалдырғанын да атап өткен жөн. Әлгі бір тұста серб ойыншысы Хард қорғаған қақпадан саңылау тапқандай болып көрінген. Дегенмен, жойқын бағытталған соққы қақпа бағанасынан кері серпіліп еді.
Күз басынан айтылған қорғаныс өзінің жауыр күйін танытты. "Ман Сити" қорғанысы өзінің қателігі үшін көп сабақ алды десек болады. Бір деммен орындалып, көзді ашып жұмғанша қарсылас қақпасына жетіп бару түгілі, ортада доп алу жүру мұңға айналды. Яя Туре Матичь пен өзге де қорғаушылардың иелігіне қалдырылып, лондондықтар шабуылға тойтарыс беріп, қауіптің бетін қайтарып отырды. Қанша жерден қыспаққа алып жатқанмен, Туренің білігі мен шеберлігіне сүйсінбей қалмассыз, әрине. Игуарлық жартылай қорғаушы сәт сайын лондықтардың жабыла кеткен ойыншыларынан сытылып шығып, өз командасының ойынын жүргізуге барынша тырысып бақты. Солай болған күнде әріптестері дайын болмай шықты десек, қателеспейміз. Сылбыр қимылдайтын Сильва да бастапқы уақытта тапқыр ойынымен көзге түскенмен, уақыт өте көзге түсуден қалды. Қос бірдей шабуылшыдан пайда болған жоқ. Серб сұрмергені Джеко бір тұстарда жоғарыда таласқа түсіп жатты демесеңіз, жалпысынан алғанда, Агуэроның шеберлігінен алыста екенін танылып қалды. Негредо осал командаларға қасқыр екенін, ал мықтылармен кезіккенде әр кез азулы шыға бермейтінін көрсетіп алды.
МАНЧЕСТЕР СИТИ – ЧЕЛСИ – 0:1 (0:1)
Гол: Иванович, 32.
"Манчестер Сити": Харт, Сабалета, Компани, Настасич, Коларов, Демикелис, Яя Туре, Хесус Навас, Сильва, Негредо (Йоветич, 57), Джеко.
"Челси" (Лондон): Чех, Иванович, Кэйхилл, Терри, Иванович, Аспиликуэта, Давид Луиз, Матич, Рамирес, Виллиан (Оби Микел, 90+2), Азар (Ба, 90+4), Это’О (Оскар, 83).
Ескертулер: Иванович, 33. Демикелис, 37. Матич, 40. Коларов, 42. Настасич, 87. Виллиан, 90+2 (предупреждения).
Қазылар алқасы: Дин.
Манчестер. "Этихад Стэдиум". 47 364 жанкүйер
Автор: Әкежан Дәкен
сурет: eurosport.ru; soccer.ru