
Журналист Владимир Жарковтың мәліметінше, "Челси" клубына тиесілі Дастан Сәтпаев ұлттық құрама сапында алғашқы голын соқты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Жарковтың айтуынша, Қазақстан құрамасы бас бапкер Әли Әлиевтің жетекшілігімен Түркияда оқу-жаттығу жиыны аясында Швецияның белгісіз командасымен жолдастық кездесу өткізген. Ойын 2:1 есебімен аяқталып, қазақстандықтар тарапынан Серік Мужиков пен Дастан Сәтпаев гол соқты.
Айта кетерлігі, Қазақстан футбол федерациясы бұл матч туралы ресми ақпарат жарияламаған, сондықтан ойын құраманың және ойыншылардың ресми статистикасына енгізілмейді.
Дастан Сәтпаев тарихи рекордқа жақын
Қазақстан футбол федерациясының (ҚФФ) ресми сайтындағы деректерге сәйкес, ұлттық құраманың тарихындағы ең жас ойыншы – "Астананың" бұрынғы жартылай қорғаушысы Жамбыл Көкеев. Ол 17 жас 4 ай 25 күнінде ұлттық құрама сапында дебют жасаған. Егер Сәтпаев 22-23 наурызда Уэльсқа қарсы ойында алаңға шықса, ол бұл рекордты жаңартады. Сол кезде футболшының жасы 16 жыл 7 ай 11 күн болмақ.
Сонымен қатар, ол ұлттық құраманың ең жас гол авторы атануы мүмкін. Қазіргі рекорд 2018 жылдың наурызында Венгриямен өткен жолдастық кездесуде (3:2) 18 жас 1 ай 19 күнінде гол соққан "Ақтөбе" жартылай қорғаушысы Еркебұлан Сейдахметке тиесілі.
2025 жылдың ақпанында "Қайрат" футбол клубы Дастан Сәтпаевтың Лондонның "Челси" клубына сатылғанын ресми түрде хабарлады. Жас талант Англияға 18 жасқа толған соң ғана көшеді, ал алдағы 1,5 жылын Қазақстанда өткізеді.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!