«Челси» Жозе Моуриньюді қызметінен босатты

О Сансызбай Корреспондент
О Сансызбай>
«Челси» Жозе Моуриньюді қызметінен босатты
Фото ©️ vk.com

«Челси» футбол клубы бас жаттықтырушысы Жозе Моуриньюді қызметінен босатты. Жаңа маусымдағы команданың сәтсіздігі португалдық маманның өз орнын сақтап қалуға мүмкіндік бермеді.

БӨЛІСУ

Жозе Моуринью мен клуб басшылығы екіжақты ымыра нәтижесінде келісімшартты бұзды. «Ақсүйектер» уақытынан бұрын келісімді бұзғаны үшін танымал жаттықтырушыға 16,5 миллион еуро төлейтін болады.

Жозе біздегі қызметінен кетті. Бірақ біз жаттықтырушымен жақсы қарым-қатынаста қаламыз. Ол «Челси» клубының беделді, әрі құрметті азаматы болып қала береді, - делінген клубтың ресми хабарламасында.

Португалдық маман лондондық клубтағы жұмысынан екінші рет мерзімінен бұрын босатылып отыр. Жозе «ақсүйектерді» 2004-2007 жылдар аралығында да жаттықтырған болатын. Сондай-ақ, клубтың 110 жылдық тарихындағы ірі жетістіктерін бағындырған алғашқы жаттықтырушы.

Португалдық маман 2013 жылы «Челсиға» қайта оралғаннан кейін команда ойынын қайта түлетті. Қорғанысты басты назарға алып жүріп ойнайтын ұжым 2014/2015 жылғы маусымда Англия чемпионы атанды. Англия футбол лигасының кубогын жеңіп алды. Алайда 2015/2016 жылғы маусым Жозе мен оның командасы үшін өте сәтсіз басталды. 16 турдан кейін бар болғаны 16-орыннан ғана көрінді. Нәтижесінде португалдық маман чемпиондық атақ түгіл, алғашқы төрттікке кірудің мұң екенін ашық хабарлады.

16 турда «Лестермен» (сырт алаңда) өткен ойыннан кейін Жозенің қызметінде қалмайтыны белгілі болды. 9 сағатқа созылған клуб басшылығының жиналысынан кейін португалдық жаттықтырушы өз қызметінен кетті.

Британдық басылымдардың хабарлауы бойынша, «Челсиді» маусым соңына дейін Гус Хиддинк жаттықтыруы мүмкін. Егер нидерландылық маман Жозенің орнына сайланса, ол да екінші рет лондондық клубқа қайта оралғалы отыр. Гус Хиддинк «ақсүйектерді» 2008/2009 жылғы маусымда жаттықтырған болатын. Англия кубогын жеңіп алған. Сондай-ақ Гус Хиддинкпен қатар лондондық клубтың аңыз ойыншысы Дидье Дрогба да қайта оралмақ. Кот’д ивуарлық футболшы бас жаттықтырушының көмекшісі қызметін атқаруы мүмкін екен.