Қазіргі футбол әлемінің ең жарық жұлдыздарының бірі – Лионель Месси. Кейбір БАҚ Мессиді Пеледен кейінгі «екінші футбол королі» деп те атайды. Бүгінгі әңгімеміз ала допты қарсыласының қақпасына шебер бағыттап, командасын үнемі жеңіске жетелейтін Месси, дәлірек айтқанда, оның өміріндегі қызықты деректер туралы болмақ.
Лионель Месси 1987 жылы 24 маусым күні Аргентинаның Росарио деген қалашығында дүниеге келген. Дәл осы жерде 1928 жылы 14 маусым күні бүкіл әлемге аты шыққан революционер Эрнесто Че Гевара туылды. Лионельдің әкесі Хорхе Месси қарапайым қара жұмысшы болса, футболисттің анасы Селия сыпырушының қызметін атқарып жүрген.
Лионельдің қазіргі бойы 169 см, бірақ бала кезінде оның бойы өте кішкентай болғандықтан, дәрігерлер оған гормоналды дәрі-дәрмектерді ішуге кеңес берген. Көптеген сарапшылар: «Егер де Месси бала кезінде сол дәрілерді қабылдамағанда, оның қазіргі бойы 140 см-ден аспайтын еді», - деп, болжам айтып жатыр.
Барселонаның директоры Карлес Рексеч кішкентай, талантты футболисттің өнері туралы естіп, Леоның доп қуалау шеберлігін байқау мақсатында, оны байқау-сынға шақырған. Нәтижесінде Карлес Мессиге келісім-шартқа қол қойып, барлық дәрі-дәрмек пен емделуін төлеп беру ұсынысын жасаған. Месси бас тартпады.
Месси ресми түрде алғашқы ойынын 2004 жылы 16 қазанда «Эспаньолаға» қарсы өткізді. Сол кездегі Лионельдің жасы 17-де еді. Осының арқасында Месси клуб тарихындағы ең жас футболисттер тізімінің үшінші сатысына орналасты.
Ал 2004 жылдың 7 желтоқсанында Лео чемпиондар Лигасындағы алғашқы кездесуін «Шахтер» командасына қарсы өткізіп, нәтижесінде оның командасы 0:2 есебімен жеңілді.
Мессидің арқасында Аргентинаның жастар құрамасы 2005 жылы Голландияда өткен әлем чемпионатын жеңіп алды. Ал Лионель Месси болса, «алтын доп» пен «алтын аяқ киім» сыйлықтарына қол жеткізді. 2007 жылы Испания кубогінің жартылай финалында «Хетарс» командасына қарсы ойнаған Месси 6 ойыншыны алдап, 62 м қашықтықты жүгіріп өтіп, қарсыласының қақпасына гол соққан. Сол кездегі Лионельдің әріптесі Деку былай депті: «Осы гол - өмірімдегі көрген ең әдемі голдардың бірі».
Қазір Лионель Месси 250 млн еуроға бағаланады. Оның жылдық айлығы 9.5 млн еуро көлемінде. Мессидің ең танымал лақап аты – La Pulga Atomica (Атомдық бүрге). Мессиді кейде Марадонита деп атаса, Испанияның БАҚ өкілдері оны сыпайы түрде Мессидона деп атайды.
Бір күні Венесуэлада өткен кездесуден қайтып бара жатқан Мессиге жерден 5 м биік трибунада отырған қыз: «Мен сізді сүйгім келіп тұр» деді. Месси «керек жоқ» дегенімен, сол қыз трибунадан секіріп, Лионельдің бетінен сүйді. Бәлкім, әлемде сол қыздан бақытты жан жоқ шығар.
Месси мен «Арсенал» клубының бұрынғы капитаны Сеск Фабрегас кезінде жақын достар болатын. Мессидонаның сүйікті музыкалық жанры – самба мен мумбая.
Егер испандық тілшілерге сенетін болсақ, Лионельдің өмірінде бар-жоғы үш қызбен ғана кездескен. Месси Макарена Лемоспен танысқанда, қыздың жасы 14-те еді. Месси мен Макаренаны қыздың әкесі таныстырған болатын. Екі жастың қарым-қатынастыры тек достық шеңберінде болса, «Плейбой» журналының жұлдызы Лусиана Саласар мен Месси арасындағы қарым-қатынас басқа сипатта еді. Айтпақшы, Лусиананың Мессиден 7 жас үлкендігі бар. Балалық шақтары бір қалада өткен Антонела Рокуцционы Месси 5 жасынан таниды. Оның ағасы мен Месси бала кезінде доп қуалап жүрген еді.
Былтыр каталондық наубайханалардың бірінде жасалған Лионельдің толық өлшемді мүсінінің салмағы 115 келіні құрады. Бұл тәтті торт пасха мейрамының құрметіне арнайы жасалған болатын.
Сурет fbblog.ru сайтынан алынған