Чавеске 7 миллион, Генаға 2 миллион доллар ұсынылған...

Болат Қосмағамбет Корреспондент
Болат Қосмағамбет>
Чавеске 7 миллион, Генаға 2 миллион доллар ұсынылған...

Осыған дейін хабарлағанымыздай, кіші Хулио Сезар Чавес пен Геннадий Головкин арасындағы кездесу мексикалық боксшының промоутеріне қойған үлкен қаржылық талабы салдарынан өтпей қалған болатын. Енді сол мексикалық боксшының мүддесін қорғаушы "Top Rank" компаниясының басшысы Боб Арум аталған кездесуге байланысты жасалынбай қалған келісімшарттың мазмұнына кеңірек тоқталды. Арум мексикалыққа Головкинмен болатын кездесу үшін 7 миллион доллар сыйақы ұсынған. Бұл - кездесу кімнің пайдасына шешілгендігіне қарамастан Чавестің қалтасына түсетін кепілдендірілген ақша. Сондай-ақ Арум ұсынған келісімшарт бойынша, егер бұл кездесуде кіші Чавес қазақстандықтан басым түсіп жатса, онда келесі кездесуі үшін ол 10 миллион доллар, ал жеңіліп жатқан күннің өзінде алдағы жекпе-жегінде мексикалық кепілдендірілген 5 миллион долларға ие болатын болып шешілген.

БӨЛІСУ

Чавес Головкинмен болатын кездесудегі дәл осындай сыйақы мөлшеріне қанағаттанғанымен, оның Боб Арум қарамағында тағы бір кездесу өткізу жөніндегі ұсыныс ұнамаған көрінеді. Ал Арум мексикалықтың бұл сөзіне былай жауап берген:

1

– Чавес Top Rank-пен келісімін Генамен болатын кездесуден кейін тоқтатады (яғни, Чавестің талабы қанағаттандырылады), алайда Головкинмен болатын кездесуде бар болғаны 2 миллион долларға ғана қанағат етеді. Одан бөлек, егер жекпе-жек жеткілікті мөлшерде PPV (АҚШ көрермендері үшін абоненттер телеарнаға 50-60 доллар көлемінде жарна төлеп, жекпе-жекті ақылы түрде көру форматы) жинап жатса, мексикалық қосымша пайыз табысты да иеленеді.

Ал Головкин-Чавес кездесуіне болжам жасаған PPV-индустриясының сарапшылары аталған  кешті кем дегенде 375 мың адам ақылы түрде тамашалап, ол (орташа есеппен 55 доллар деп алсақ) шамамен 20 миллион доллар табыс әкеледі дегенді айтты. Келісім бойынша оның елу пайызы PPV қызметін ұсынған телеарнаға тисе, қалған 10 миллион доллар мен билеттен түскен пайда боксшылар, промоутерлер мен кешті ұйымдастыруға кетеді.

Ал Головкинге келер болсақ, Чавестің менеджері Билли Киннің сөзінше, қазақстандық боксшы 2 миллион доллардан сәл астам сыйақы мөлшеріне де келіскен. Одан бөлек, егер жекпе-жек 375 мың PPV жинап жатса, қосымша пайданы да иеленеді деп жоспарланыпты.

Осылайша Чавес промоутерімен «бір кездесуден кейінгі келісімді үзу» бабын келіскенімен, оның сол жағдайда алатын сыйақы мөлшерінен (2 миллион доллар) бас тартқан. Бірақ егер ол келіскен жағдайда, ақылы форматқа жоспарланғандай абонент жазылатын болса, онда ол 7 миллион долларды оп-оңай қалтасына басар еді.

Ал Боб Арум болса, Чавеске 2 миллион доллар ұсына отырып өзінің мүддесін ойлап отырғаны жасырын емес. Себебі егер Арум Чавеске келісімшартты ұзартпай (Генамен болатын кездесуден кейін) 7 миллион доллар ұсынар болса, ал PPV керісінше болжанған абоненттер саны бойынша кем қаржы жинаса, онда Арум мексикалықтың кепілдендірілген сыйақысының бір мөлшерін өз қалтасынан төлеуге мәжбүр болады. Ал Чавес болса қалаған ақшасын алып, Top Rank-тен біржола кетіп қалған болар еді.  

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

Сурет: roundbyroundboxing.com