Кәсіпқой бокс әлеміндегі ең беделді промоутерлік компаниялардың бірі америкалық Top Rank жетекшісі Боб Арум өзінің қоластындағы боксшысы Хулио Сесар Чавес кіші мен орта салмақтағы WBA және IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы, қазақстандық Геннадий (GGG) Головкин арасында көпшілік күткен кездесуді ұйымдастырмақ ниетте.
Ол үшін Боб Арум қазақстандық боксшының промоутері саналатын Том Леффлермен кездесіп, болуы мүмкін кездесудің кейбір детальдарын талқылап та үлгерген көрінеді. Алайда бұл кездесу орын алуы үшін алдымен Чавес кіші алдағы сенбі күні өтетін кездесуде жеңіске жетуі керек. Бұл жөнінде USA Today басылымының редакторы Боб Велин өзінің туиттерінде жазды, деп хабарланады Головкиннің «ВКонтактедегі» парақшасында.
«Боб Арум маған алдағы уақытта Чавес – Головкин арасындағы кездесуді ұйымдастыру үшін Том Леффлермен жолыққандығын айтып берді. Алайда ол үшін Чавес сенбілік жекпе-жекте жеңіске жетуі керек»,-деп жазады Велин.
Айта кетейік, 1 наурыз күні Хулио Сесар Чавес Сан-Антониода америкалық Брайан Верамен қайта кездеседі. Осыған дейін ол Вераны өткен жылдың қыркүйегінде жеңген болатын. Мексикалық Чавес кәсіби мансабы жолында 49 кездесу өткізіп, тек аргентиналық Серхио Мартинеске ғана жол беріп қойған болатын.
Ал Головкинге келер болсақ, алдағы кездесуін 26 сәуір күні Нью-Йоркте өткізбек. Бұл кездесу жеңіліске ұшырамаған қазақстандық боксшы үшін өз мансабындағы 30-шысы саналады. Әзірге қарсыласының кім болатыны белгісіз, дегенмен оның командасы ирландиялық Энди Лидің кандидатурасы неғұрлым жақынырақ дегенді айтады.
Дайындаған: Болат Қосмағамбет
Сурет: sports.kz