Беларуссия ұлттық құрамасының жартылай қорғаушысы Ренан Брессан спорттық мансабын «Ақтөбеде» жалғастыратыны туралы хабарлаған болатынбыз. Команда мен футболшы екі жылдық келісімшартқа қол қойыпты. Бұл туралы нақты ақпарат клубтың ресми сайтында жарияланды.
Немістің Тransfermarkt.de сайтының мәліметі бойынша, футболшының құны 2 миллион 300 мың еуроны құрайды екен. Ойыншы Қазақстандағы ең қымбат футболшылардың көшін бастады. Осыған дейін ел премьер-лигасындағы ең қымбат ойыншы да осы «Ақтөбе» сапында жалда жүрген «Рубин» шабуылшысы Сергей Давыдов болатын. Сонымен қатар ел футболындағы құны жоғары футболшылардың қатарында «Атырау» легионері Микель Одибе (1 миллион 500 мың еуро) мен өткен маусымда «Шахтерда» ойнаған Геворг Казарян ((1 миллион) бар. Соңғысы бұл маусымда алматылық «Қайрат» сапында ойнауы мүмкін деген де ақпараттар таралуда.
Ренан Брессан өткен маусымда владикавказдық «Аланияда» ойнаған. Жалақының дұрыс берілмеуі салдарынан футболшы командамен келісімшартын бұзған еді. 2012 жылы өз елінің үздік футболшысы болып танылған да болатын. Енді жартылай қорғаушы «Ақтөбе» сапында сегізінші нөмірмен өнер көрсететін болды. Осыған дейін бұл нөмірлі жейдені Самат Смақов пен Сергей Давыдов киген болатын.
Футболшының Бразилия құрамасы қақпасына соққан голы
Назарларыңызға команданың ресми сайтында жарияланған футболшы туралы мәліметтерді ұсынамыз:
Толық аты-жөні - Ренан Бардини Брессан
Туған жылы, айы, күні: 3 қараша 1988 жыл (25 жас), Тубаран, Санта-Катарина, Бразилия
Азаматтығы: Белоруссия, Бразилия
Бойы – 182 сантиметр. Салмағы – 77 келі.
Алаңдағы орны – жартылай қорғаушы
Спорттық мансабы:
2005—2006 – «Атлетико Сидаде» (Бразилия)
2007—2009 – «Гомель» (Беларуссия)
2010—2012 – «БАТЭ» (Беларуссия)
2013 – «Алания» (Ресей)
2014 – «Ақтөбе» (Қазақстан)
Ұлттық құрама:
2012 - Белоруссия (олимп.) – 4 (1)
2012 – қ.т. - Белоруссия – 17 (3)
Дайындаған: Өмірбек Сансызбай
Сурет: vk.com