Бурабайда триатлоннан ел чемпионаты аяқталды

О Сансызбай Корреспондент
О Сансызбай>
Бурабайда триатлоннан ел чемпионаты аяқталды
Фото ©️ Қазақстан триатлон федерациясы

Бурабайда триатлоннан екі күнге созылған ел чемпионаты өз мәресіне жетті. Жарыстың екінші күні Elite (кәсіби спортшылар) дәрежесіндегі спортшылар жарыс жолына шығып, спринтерлік қашықтық бойынша (500 м жүзу, 12 шақырым веложарыс, 4 шақырым жүгіру) өзара үздіктерді анықтады.

БӨЛІСУ

Желді ауа райы мен судағы толқындар қатысушыларға қиындық тудырғандай көрінгенмен, жарыстың жоғары деңгейде өтуіне кедергі болған жоқ. Күн райы 24 °С болса, судағы температура көрсеткіші 19°С-ты көрсетті.

Суда жүзу бағдарламасынан кейін Қарағанды облысынан келген Антон Чиканков алға шықты. Ол басты қарсыластарынан 2 минутқа ұзап шыққан. Алайда велокезеңде ол жарыс жеңімпазы атанған Александр Куцевке жол берді. Шығыс Қазақстаннан келген Александр 1 сағат 5 минут 43 секунд уақыт көрсеткішімен топ жарды. Күміс медальды Антон алса, қоланы Кирилл Рябцев қанжығасына байлады.

Қыздар арасында жүлделі орынға Шығыс Қазақстаннан келген арулар таласты. Бірінші болып мәреге Іңкәр Мәңгібаева жетті. Оның уақыт көрсеткіші 1 сағат 13 минут 5 секундты құрады. Екінші орынға Виктория Бабина (1 сағат, 20 минут, 25 секунд) ие болды. Үздік үштікті Анастасия Маврина (1 сағат, 22 минут, 8 секунд) түйіндеді.

Әуесқойлар арасындағы (Age Group) “TEMIRADAM” кубогының VI кезеңі де қатар өтті. Жекелей сында 87 атлет, эстафеталық жарысқа 9 команда қатысты. Олар да спринттік сын (750 метрге жүзу, 20 шақырымдық веложарыс, 5 шақырым жүгіру) бойынша бақ сынады.

Ерлер арасында үздік нәтижені бұрынғы кәсіби спортшы, Нұр-Сұлтандағы федерация жаттықтырушысы Сергей Бондаренко көрсетті. Ол аталған қашықтықты 1 сағат, 7 минут, 42 секундта бағындырды. Ал қыздар арасында шаңғы спортынан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Солт-Лейк пен Туриндегі қысқы Олимпиада ойындарына қатысқан, V Азия ойындарының жеңімпазы, 2013 жылы Трентинодағы қысқы Универсиада ойындарында топ жарған Дарья Старостина үздік шықты. Ол мәреге 1 сағат 21 минут 46 секундта жетті.

Эстафеталық жарыста 1 сағат 8 минут 47 секунд уақыт көрсеткішімен "Ironciti Kokshetau" командасы жеңімпаз болды.

Жарыс туралы, сондай-ақ нәтижелері жайлы толық ақпаратты Қазақстан триатлон федерациясының ресми сайтынан көре аласыздар.