Бүгін түнде Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңіндегі ойындар басталады

О Сансызбай Корреспондент
О Сансызбай>
Бүгін түнде Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңіндегі ойындар басталады
Фото ©️ MyWayTicket

Бүгін түнде футболсүйер қауым асыға күткен Чемпиондар лигасының 1/8 финалындағы алғашқы ойындар басталады. Парижде «ПСЖ» мен «Барселона» ойнаса, Лиссабонда «Бенфика» мен «Боруссия Д» кездеседі. Назарларыңызға ойындар алдындағы қысқа шолуымызды ұсынамыз.

БӨЛІСУ

«ПСЖ» (Франция) – «Барселона» (Испания)

«ПСЖ» мен «Барселона» да соңғы төрт маусымда бір-біріне қарсылас атанып келеді. 2013/2014 және 2015/2016 жылғы маусымдарда ширек финалда ойнаса, 2014/2015 жылғы маусымда бір топқа түскен еді.

Париждік команданы бүгін оңай ойын күтіп тұрған жоқ. Өз алаңында каталондық клубқа есе жібермеуге тырысары хақ. Дегенмен команда капитаны Тьяго Сильва мен Тяьго Мотта алаңға шықпайды. Сондай-ақ Анхель Ди Мария мен Лэйвен Курзаваның ойынға қатысуы әзірге белгісіз.

«ПСЖ» командасы Чемпиондар лигасын ұтып алу үшін барын салғанмен, соңғы төрт маусымда «Барсаны» басып озар емес. Биыл да бұл жұпта каталондық клуб – фаворит.

Испания ла лигасында «Барселонаның» жағдайы мәз емес. Дегенмен Луис Энрике маусым соңына дейін өз қателіктерін түзеп бағуға тырыспақ. Сондай-ақ басты межеге Чемпиондар лигасында топ жаруды қойып отыр.

Букмекерлік орталықтар аз да болса «Барселонаны» фаворит санап отыр. Каталондық клубтың жеңісін 2.29 коэффициентпен, тең ойынды – 3.54, «ПСЖ» жеңісін 3.2 коэффициентпен бағалап отыр.

Қос клуб арасындағы ойынды қазақстандық футболсүйер қауым тікелей эфирде тамашалай алады. Ойынды «ОН-ТВ» арнасы тікелей эфирде көрсетеді. Астана уақытымен түнгі сағат 01:45-те басталады.

«Бенфика» (Португалия) – «Боруссия д» (Германия)

Лиссабонда өтетін футбол кеші де тартысты болмақ. Қос команда да шабуылда ширақ ойнайтын ұжымдар қатарынан. Сондықтан да бүгін жанкүйерлер ойыннан аз гол күтпейтіні анық.

Дортмундтық клуб жеребеден кейін фаворит саналған. Қазір командалардың келесі кезеңге шығу мүмкіндігі тең санала бастады. Әсіресе бундеслиганың соңғы ойындарында «Боруссия д» командасының жолы болмай келеді. Оған команда ойыншыларының жарақаты мен қатарынан келген ойындар кестесі де өз әсерін тигізгені сөзсіз. Дегенмен Томас Тухель осы ойынға баса назар аударғанын ойын алдындағы баспасөз мәслихатында айта кетті.

«Бенфиканың» ішкі біріншіліктегі нәтижесін жоғары бағалауға болады. ХХІ турдан кейін көш бастап келеді. Өз алаңында қарсыластарына есе жібермейтін қауқарлы клуб. Бүгін де ұтылады деуге сену қиындау.

Дегенмен букмекерлік орталықтар ойында «Боруссия д» командасын фаворит санауда. Олардың жеңісіне 2.25 коэффициент, тең ойынға – 3.43, «Бенфика» жеңісіне 3.37 коэффициент ұсынып отыр.

Айта кетейік, осы маусымдағы Чемпиондар лигасының финалы 3 маусым күні Кардиффте өтеді.