Бүгін премьер-лиганың ХIV тур ойындары өтеді

О Сансызбай Корреспондент
О Сансызбай>
Бүгін премьер-лиганың ХIV тур ойындары өтеді

Бүгін футболдан ел премьер-лигасының ХІV тур ойындары бастау алады. Назарларыңызға кездесулер алдындағы шолуымызды ұсынамыз.

БӨЛІСУ

«Тараз» (Тараз) – «Астана» (Астана)


Соңғы турда екі клуб та түзде жеңіліс тапты. Оңтүстіктік клуб «Шахтердан» соңғы минутта гол жіберіп алса, «Астана» Қызылордадан ұпайсыз қайтты. Енді екі ұжымға да ұпай қажет. Бірі – премьер-лигадан шығып қалмау үшін жанталасса, бірі – чемпиондық атаққа қол созуға үмітті. Өзара кездесулер статистикасы бойынша Григорий Бабаян командасы алда тұр. Дегенмен «Тараз» да өз алаңында осалдық таныта қоймасы анық. Елордалық клуб жеңіске жеткен күннің өзін де, ірі есеп тіркелмеуі мүмкін. Ойын Астана уақытымен сағат 18:00-де басталады.

«Қайрат» (Алматы) – «Қайсар» (Қызылорда)


Алғашқы айналымды сәтсіз бастаған «Қайрат» бірінші рет Қызылордадан үш ұпай еншілеген еді. Содан кейін ғана өз ойынын таба бастаған Владимир Вайсс командасы тәуір өнер көрсете бастады. Ал премьер-лигаға жаңадан қосылған «Қайсар» қайсарлығын танытумен келеді. Соңғы алты ойынның бесеуінде жеңіске жетіп, біреуін тең аяқтады. Жалпы бүгінгі кездесуде алаң иелері фаворит саналғанмен, қонақтардың жеңіске жетуге мүмкіндігі мол деп қарауға болады. Өйткені, алматылық клубтың қатарында бірнеше белді футболшылары жарақатына байланысты кездесуге қатыспауы мүмкін. Өткен турда Шымкентте гамбиялық сұрмерген Момоду Сиссей жарақат алса, Милош Лачны мен Йосип Кнежевич те денсаулығына байланысты ойынға шықпайды деп күтілуде. Сондықтан да бас бапкер бүгін жастарға үміт артары анық. Ал Дмитрий Огай алғашқы айналымдағы есесін қайтару үшін команданы рухтандырары белгілі. ХІІІ турдан кейін аса көп гол соқпаса да қызылордалық клубтың ұпайы түгел. Кездесуде тең есеп тіркелуі мүмкін. Кездесу Астана уақытымен сағат 19:00-де басталады. Ойынды «KazSport» арнасынан тікелей эфирде тамашалай аласыздар.

«Тобыл» (Қостанай) – «Ордабасы» (Шымкент)


Өткен маусымда шымкенттік клуб «Тобылға» қарсы тәуір өнер көрсетті. Алғашқы айналымда да қарсыласын өз алаңында 3:0 есебімен тізе бүктірді. Әзірге қос ұжым арасын екі ұпай ғана бөліп тұр. Терезелері тең қарсыластар саналатын ойын тартысты болары белгілі. Дегенмен Вардан Минасян шәкірттері өз алаңында ойнайтын болғандықтан, кездесудегі фаворит деп қарауға болады. Ойын Астана уақытымен сағат 19:00-де басталады.

«Ертіс» (Павлодар) – «Жетісу» (Талдықорған)


Алғашқы айналымдағы екі клуб арасындағы ойында есеп ашылмаған-ды. Ал соңғы кездесулерінде Ойрат Садуов командасы ойынын түзеп келе жатса, Омари Тетрадзе командасы кері кетіп барады. Сондықтан да алаң иелері бүгін үш ұпай иеленбесе де, жеңілмейді деп айтуға болатындай. Ойын Астана уақытымен сағат 19:00-де басталады.

«Ақтөбе» (Ақтөбе) – «Атырау» (Атырау)


Өткен маусымда ел чемпионы атанған «Ақтөбе» қарсыластарынан қара үзуге асығуда. Жеті тур қатарынан жеңіске жетіп келе жатқан клубтың жолына «Атырау» тосқауыл болады деп айту қиындау. Десе де маусымды сәтті бастаған клубтың да айтары бары анық. Алғашқы айналымдағы ойында 0:0 есебі тіркелген болатын. Сонымен қатар, Владимир Никитенко командсы бүгін маусымда алғаш рет Қобыланды батыр атындағы орталық стадионда өнер көрсетеді. Ал өткен турда семейлік «Спартак» қақпасына жеңіс голын соққан Маркос Пизелли ойынға шықпайды. Армениялық шабуылшы жарының аяғы ауыр болуына байланысты еліне қайтыпты. Батысқазақстандық  дерби Астана уақытымен 21:00-де басталады. Ойынды «KazSport» арнасынан тікелей эфирде тамашалай аласыздар.

«Шахтер» (Қарағанды) – «Спартак» (Семей)


Бұл маусымда әлі де бір рет жеңіске жетпеген семейлік клубтың халі мүшкіл. Бүгін де бір сенсация жасауы екіталай. Жақында ғана бас бапкері тағайындалған клуб  ХІІІ турда «Ақтөбеге» қарсы тәуір ойнады. Виктор Кумыков шәкірттерінен аса ірі есеппен ұтылмаса да, «кеншілерден» ұпай еншілеп қайтады деп айту қиындау. Кездесу Астана уақытымен сағат 18:30-да басталады.

Өткен турдағы барлық голдарды легионерлер соққан болатын. Бұл тур да голға сараң болмауы тиіс. Бірінші орын мен соңғы орындардағы командалар ұпай еншілеп, немесе жоғалтса да орындарына әсер етпейді. Ал өзге командалар нәтижесі турнир кестесіндегі орнының өзгеруіне септігін тигізеді. 

 Командалар  Ойын  Жеңіс  Тең  Жеңіліс  Голдар  Ұпай 
1  Ақтөбе 13 10 2 1 23-3 32
2  Қайсар 13 7 3 3 14-11 24
3  Шахтер 13 7 2 4 19-13 23
4  Астана 13 6 4 3 15-8 22
5  Қайрат 13 6 2 5 17-12 20
6  Ордабасы 13 5 3 5 13-13 18
7  Ертіс 13 5 2 6 17-17 17
8  Атырау 13 4 5 4 10-11 17
9  Тобыл 13 4 4 5 12-17 16
10  Жетісу 13 3 4 6 10-12 13
11  Тараз 13 3 2 8 10-20 11
12  Спартак 13 0 3 10 7-30 3

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет: sports.kz.fanatik.kz