Бүгін. Кличко vs Поветкин. Мамандар пікірі

Болат Қосмағамбет Корреспондент
Болат Қосмағамбет>
Бүгін. Кличко vs Поветкин. Мамандар пікірі

Бүгін, 5 қазан күні Мәскеудің «Олимпийский» спорт кешенінде аса ауыр салмақтағы IBF, IBO, WBO және WBA тұжырымдары бойынша әлемнің абсолютті чемпионы украиналық Владимир Кличко мен WBA тұжырымының тұрақты чемпионы ресейлік Александр Поветкин арасында бокссүйер қауым бес жыл күткен кездесу өтеді.   

БӨЛІСУ

Осы Кличко мен Поветкин кездесуі алдында көптеген бокс мамандары да өз ойларымен бөліскен болатын.

Сонымен назарларыңызға сарапшылардың айтқан таңдаулы пікірлерін ұсынбақпыз.

Денис Лебедев, боксшы:

«Владимир жекпе-жектің 8-раундында-ақ жеңіске жететіндігін айтып жазған мақала оқыған едім. Мен осыған былай деп жауап берем: Керісінше, Поветкин Кличконы міндетті түрде нокаутқа жібереді. Ол 8-раундта немесе оған дейін де орын алады. Ал Поветкиннің мақсаты Кличконың дәуіріне өз қолымен нүкте қою».

Максим Бурсак, боксшы:   

«Бұл кездесуде Владимир американдықтарша айтқанда easy money, яғни жеңіл ақшаға кенеледі. Мен Александр Поветкиннің Кличконы ненің көмегімен жеңе алатынын да білмеймін. Осы күнге дейін Кличко Поветкин сияқтылардың оншақтысымен кездесіп, жеңіске жетті. Ал Поветкин болса бүгін өз мансабындағы ең мықты қарсыласпен кездескелі тұр».

Александр Емельяненко, ММА сарбазы: 

«Владимир Кличко сөзсіз қазіргі кездегі әлемдегі ең мықты боксшы саналады. Алайда, Саша одан мықтырақ көрінеді. Менің ойымша, ол нокаутпен жеңіске жетеді. Қай раундта десек, меніңше, бұл соңғы раундтардың бірінде болады. Алайда, мен Владимирге сәттілік және ауыр жарақат алмауын тілеймін».

Михаил Завьялов, Украина кәсіпқой боксы Лигасының президенті:  

«Поветкин Кличконы тек қолына бейсбол битасын алып шықса ғана жеңе алады. Себебі екі боксшыны шеберлігі жағынан салыстырып айтуға мүлдем келмейді».

Стейси Маккинли, Поветкиннің жаттықтырушысы: 

«Қазіргі таңда Александр әлемдегі нөмірі бірінші боксшы. Сондықтан да ол бүгін Кличкодан оның барлық чемпиондық белбеулерін тартып ала алады. Менің ойымша, Владимирдің шаруасы 9 немесе 10-раундта бітеді. Сөйтіп, Александр нокаутпен жеңіске жетеді».

Джеймс Али Башир, Кличконың жаттықтырушысы: 

«Поветкин міндетті түрде орта қашықтыққа өтуге тырысады. Себебі оның сол жерде ғана азғантай мүмкіндігі бар. Алайда оны ол жерде Кличконың оң қолы жақсылап қарсы алатынын ескерте кетейін.

Сонымен қатар, букмекерлік кеңселер де аталған кездесуге өз болжамдарын жасаған екен. Ол бойынша, Кличконың жеңісіне 1.36 коэффициент берілсе, тең есепке 27, ал Поветкин жеңіп жатса, қойған сомаңыз 3.6 есеге дейін көбейеді.

Одан бөлек, бүгінгі кешке құрметті қонақтар ретінде аттары аңызға айналған боксшылар мен атақты әртістер келеді деп күтілуде.  

Естеріңізге тағы да сала кетейік, қос алып арасындағы кездесу бүгін, Астана уақыты бойынша сағат 01:00-де басталады. Ал сағат 22:00-де басты кездесу алдында көрермендерге үш бірдей кездесу ұсынылады. Бүгінгі күннің басты бокс кешін әлем бойынша 20 телеарна тікелей эфирден таратуды жоспарлап отыр. Ал ТМД елдеріне бәсекені Ресейдің «Бірінші арна» телеарнасы таратпақ.

 

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

сурет: sport-xl.net