2015 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеу кезеңі аясында Қазақстан U-21 жастар құрамасы бүгін «Астана-Аренада» Франция жастарын қабылдайды. Бұл Саулюс Ширмялис шәкірттерінің топтық кезеңдегі соңғы кездесуі.
Кеше жерлестерімізбен бір топта өнер көрсететін Исландия жастары армяндардан төрт доп басымдығымен жеңіп, топтық кезеңнен шығу мәселесін шешіп тастады. Бұл нәтиже Қазақстан жастар құрамасының жолдамаға таласар үмітін түбегейлі сөндірді. Өйткені, жерлестерімізде 9 ұпай, Исландия жастарында осыған дейін 12 ұпай бар еді.
Франция жастар құрамасы осыған дейінгі алты кездесуінде де жеңіске жеткен. Қазақстандық жастармен өткен алғашқы ойында 5:0 есебі тіркелген болатын. Расында да француз жастары қазіргі таңда Еуропаның үздік клубтарының негізгі құрамында ойнайды. Мұны бас бапкер Саулюс Ширмялис те мойындап отыр.
– Франция жастарының қауқары бәрімізге мәлім. Біз әлемдегі ең мықты командаға қарсы ойнағалы жатырмыз. Олардың көпшілігі өнер көрсететін командаларының негізгі құрамына ілігіп үлгергендер. Бізді ең ауыр кездесулердің бірі күтіп тұр. Бұл ойын жастарымыздың қаншалықты тойтарыс беруге қауқары жететінінің көрсеткіші болмақ, – деді бас бапкер.
Кездесу Астана уақытымен кешкі сағат 20:15-те басталады. Ойынға кіру тегін. Тікелей эфирде «KazSport» арнасынан тамашалай аласыздар.
Командалар | Ойын | Жеңіс | Тең | Жеңіліс | Голдар | Ұпай | % | ||||||||
---|---|---|---|---|---|---|---|---|---|---|---|---|---|---|---|
1 | Франция U21 | 6 | 6 | 0 | 0 | 22-5 | 18 | 100 | |||||||
2 | Исландия U21 | 7 | 5 | 0 | 2 | 19-10 | 15 | 71.4 | |||||||
3 | Қазақстан U21 | 7 | 3 | 0 | 4 | 7-13 | 9 | 42.9 | |||||||
4 | Армения U21 | 7 | 2 | 0 | 5 | 5-18 | 6 | 28.6 | |||||||
5 | Белорусь U21 | 7 | 1 | 0 | 6 | 5-12 | 3 | 14.3 |
Дайындаған: Өмірбек Сансызбай
Сурет: ffk.kz