Бүгін футболдан Италияның Турин қаласында Еуропа лигасының ақтық кездесуі өтеді. Португалдық «Бенфика» мен испандық «Севилья» арасындағы ойынға шолуымызды ұсынамыз.
Финалдық кездесу тартысқа толы болады деп айтсақ қателеспейміз. Осыдан 60 жыл бұрын бір-бірімен ойнаған клубтардың одан беріде жолы түйіспеген екен. Одан кейін ұжымдар құрамы сан мәрте жаңарды.
Өзі аттас қаланың клубы «Севилья» Еуропа лигасын плей-офф кезеңінен бастады. Алғаш болып польшалық «Шленск» командасын 9 доп басымдығымен жеңді. Топтық кезеңде «Слован», «Фрайбург» және «Эшторил» командаларынан сүрінбеген клуб кейінгі кезеңдерде «Марибор», «Бетис», «Порту» және «Валенсия» командаларын айналып өтті. Десе де Унай Эмери командасына оңай соқты деп айта алмаймыз. Ескі қарсыластары «Бетис» пен «Валенсия» оңай жеңіле қойған жоқ. Алғашқысы – пенальти сериясында жол берсе, соңғысы – соңғы минутта гол жіберіп алды. Осылайша ақтық сынға шыққан клубты лиссабондық «Бенфика» күтіп алды...
Жорже Жезуш шәкірттері де Еуропадағы танымал футболшылардың қатарынан. Чемпиондар лигасының «С» тобында бақ сынаған клуб Еуропа лигасына жолдама алды. 1/16 және 1/4 финалда қарағандылық «Шахтермен» бір топта өнер көрсеткен грекиялық «ПАОК» пен нидерландылық «АЗ Алкмаар» клубтарын жарыс жолынан шығарса, «Тоттенхэм» мен «Ювентус» та клубтың жолына бөгет бола алмады. Нәтижесінде осыған дейін жеңе алмаған жеті финалының сегізіншісіне жолдама алды. Ал португалдық жанкүйерлер бүгінгі ойында «Бенфика» жеңеді деген сенімде болған күннің өзінде бір қорқыныштан әлі күнге дейін сескенеді. Ол – «Гуттманн қарғысы»...
Бела Гуттманн кезінде лиссабондық «Бенфиканы» жаттықтырған. 1962 жылы португалиялық клубпен үш маусымда екі бірдей ел чемпионаты мен сол кездегі белді турнирдің бірі Еуропа чемпиондарының кубогын (қазіргі ЧЛ) 2 рет ұтып алды. Осы жетістіктерінен кейін өз жалақысына үстеме қосылуын сұраған. Алайда басшылық тарапынан талабы қабылданбайды, соған ренжіген бапкер командадан кетерде «жақын аралықтағы 100 жылдықта бірде-бір португалиялық команда екі бірдей Еуропа чемпиондарының кубогын жеңе алмайды, ал «Бенфика» да осы уақыт аралығында менсіз бұл шыңды бағындыра алмайтын болады» деп қарғап кеткен көрінеді. Міне, содан бері португалдық клубтардың жолы болмай келеді. «Бенфика» алты рет Еуропалық байрақты бәсекенің финалына жеткенімен, бірде-бірін жеңе алмады. Соңғы рет өткен маусымда лондондық «Челсидан» соңғы минутта ұтылды. Португалиялық команданың Еурокубок додаларында ұта алмайды деген қарғысына Жозье бапкердің 2004 жылғы білігі де жетпеді. Бұл қарғыстан құтылу үшін, яғни 1990 жылғы Чемпиондар лигасының финалындағы «Миланмен» өтер ойын алдында осы жылы дүниеден озған атақты португалдық ойыншы Эйсебио Гуттманның қабірінің басына барып кешірім сұраған еді, алайда еш көмек болмады, сол жолы тағы да жеңілген-ді. Міне, біз әңгімелеп отырған «Гуттманн қарғысы» осы... Ал оның тылсым күші бүгінгі ойынға әсер етер ме екен?...
Испандық клубтың қатарында бүгін жарақатына байланысты Себастьян Кристофо мен Денис Черышев қатыспайды. Ал Хайро сары қағаз көп алуымен ойынға шықпайды. Витолоның да ойнауы белгісіз қалып отыр. Ал «Бенфика» қатарынан жарақат алған Сильвио ойынға шықпаса, Лазар Маркович, Энцо Перес пен Эдуардо Сальвио екі ойын қатарынан сары қағаз алуына байланысты кездесуді алаң сыртынан тамашалайтын болады.
Унаи Эмери, «Севилья» бас бапкері:
- «Бенфика» - мықты команда. Өте жақсы қорғана біледі. Тас-қамал қорғанысты бұзу оңай емес. «Севильяның» соңғы ойындардағы сәтсіздіктері бүгін жеңіске бастар сәттілік болады деп сенемін.
Жорже Жезуш, «Бенфика» бас бапкері:
- Ия, барлығы қазір қарғыс жайлы айтып жатыр. Бұл бір жағынан бізге қарғысты жоққа шығару үшін өтетін сын болса, бір жағынан қайталанбасына кім кепіл? Алайда біз бүгін оны өткеннің елесінде қалдырамыз. Қарсылас та осал емес. Сондықтан бүгінгі ойынның фавориті жоқ.
- «Севилья» португалдық клубтарға қарсы 16 кездесу өткізіп, 8-інде жеңіске жеткен, 3-уі тең аяқталса, 5 ойында жеңілген.
- «Бенфика» испандық клубтарға қарсы 22 кездесу өткізіп, 5-де жеңіске жеткен, 7-уі тең аяқталса, 10 ойында жеңілген.
Кездесу туралы букмекерлік орталықтар да өз болжамдарын ұсынуда. «Бенфика» жеңісіне – 2,2 коэффициент, тең ойынға – 3,4 коэффициент, «Севилья» жеңісіне – 3,3 коэффициент беріп отыр. Ал финалды бағындыру көрсеткіші бойынша алғашқысына 1,62, соңғысына 2,29 коэфициент ұсынуда. Ойынға неміс төрешісі Феликс Брых қазылық ететін болады.
Кездесу алдындағы командалар құрамы:
«Севилья»: Бету, Пареха, Фацио, Наварро, Каррисо, Коке, Мбиа, Рейес, Ракитич, Витоло, Бакка.
«Бенфика»: Облак, Перейра, Луизао, Гарай, Сикейра, Сулеймани, Аморим, Гомес, Гайтан, Родриго, Лима.
Жанкүйер қауым асыға күткен кездесуді «КТК» арнасынан Астана уақытымен сағат түнгі 00:30-да тікелей эфирде тамашалай аласыздар!
Дайындаған: Өмірбек Сансызбай
Сурет: sports.ru,footballtop.ru