Бүгін футболдан ел премьер-лигасының IV тур ойындары өтеді. Назарларыңызға кездесулер алдындағы қысқаша шолуымызды ұсынамыз.
«Шахтер» (Қарағанды) - «Ертіс» (Павлодар)
ІІІ тур қорытындысы бойынша турнир кестесінде көш бастап келе жатқан Павлодардың «Ертіс» клубы IV турдағы ойынын қарағандылық «Шахтерға» қарсы өткізеді. «Кеншілер» ІІІ турда бір гол ғана соқса, «Ертіс» қақпашысы Давид Лория әлі өз қақпасына гол соқтырмаған. Ойында қонақтар фаворит саналып отыр. Десе де «Шахтер» қонақтарға ірі есеп айырмасымен есе жібермесі анық.
«Астана» (Астана) - «Тараз» (Тараз)
«Астана» өз алаңында «Таразға» қарсы ойнайды. Ойында Станимир Стойлов шәкірттері – айқын фаворит. Жанкүйерлер жергілікті клубтың жаңа ойыншысы Аруна Лукманның алаңға шығуын күтетіні анық.
Ойын Астана уақытымен сағат 16:00-де басталады.
«Ордабасы» (Шымкент) - «Тобыл» (Қостанай)
ІІІ тур қорытындысы бойынша әлі қақпасына гол соқтырмаған клубтардың бірі - «Тобыл». Қостанайлық клубты Шымқалада тартысты кездесу күтіп тұр. Бахтияр Байсейітов командасы жаңа маусымды сәтті бастады. 3 ойында 6 гол соқты. Сондықтан да алаң иелерін бүгінгі ойында жеңілмейді деп айтуға келеді.
«Тобылға» қарсы ойында «Ордабасы» сапынан Еркебұлан Тұңғышбаев ойынға қатыса алмайды. Ол ІІІ турдағы «Жетісуға» қарсы ойында алаңнан қуылған болатын. Сондай-ақ, келісімшартқа қол қойғаны бүгін белгілі болған Милош Трифунович алаңға шығуы мүмкін.
«Атырау» (Атырау) - «Қайрат» (Алматы)
Маусымды сәтсіз бастаған Алматының «Қайраты» бас бапкерін ауысытырып үлгерді. Кеше белгілі болғандай команданы енді грузин маман Кахабер Цхададзе жаттықтырады. Бүгін бірінші ойынына бастап шығатын бапкер үшін Атыраудағы ойын оңай соқпайтыны анық. Десе де бұл ойында «Қайрат» аз да болса фаворит саналуда. Екі клуб та жаңа маусымда жеңіске жеткен жоқ. Десе де «Атыраудың» «Тобылға» қарсы өткізетін қосымша бір ойыны бар.
«Ақтөбе» (Ақтөбе) - «Жетісу» (Талдықорған)
«Ақтөбе» талдықорғандық «Жетісуға» қарсы ойынын Астанада өткізеді. ІІІ тур нәтижесі бойынша «Ақтөбеде» 1 ұпай, «Жетісуда» 2 ұпай бар. Ойын алдындағы болжам бойынша ақтөбеліктер аз да болса басымдыққа ие.
«Ақжайық» (Орал) – «Оқжетпес» (Көкшетау)
Өткен турда Алматының «Қайратын» жеңген «Ақжайық» ІV турдағы ойынын Көкшетаудың «Оқжетпес» клубына қарсы өткізеді. Әлібек Бөлешов бастаған жігіттер өткен турда «Таразды» 3:1 есебімен ұтқан болатын. Оралдағы ойында тең есеп тіркелуі бек мүмкін.
Айта кетейік, «Ордабасы» мен «Тобыл» арасындағы сағат 14:00-де басталатын ойынды, және «Астана» - «Тараз» ойынын «KazSport» арнасы тікелей эфирде көрсететін болады.