Бүгін футболдан еліміздің үш футбол клубы Еуропа лигасының бірінші іріктеу кезеңде қарымта кездесулерін өткізеді. Астанада жергілікті клуб армениялық «Пюник» клубын қабылдаса, қарағандылық «Шахтер» өз алаңында тағы бір армениялық клуб «Ширакпен» кездеседі. Ал, Алматының «Қайраты» Албанияда «Кукеси» командасына қонаққа барады.
Алғашқы кездесуде еліміздің үш футбол клубы да қарсыластарынан басым түсіп, ел мерейін тасытқан болатын. Қарағандылық «Шахтер» командасы алғашқы кездесуде сырт алаңда армениялық «Ширакпен» кездесіп, 1:2 есебімен жеңіске жеткен еді. Ол ойында «кеншілерден» Михрет Топшагич пен Сергей Малый мергендік танытқан-ды. Букмекерлік кеңселер «Шахтердің» келесі кезеңге өтуіне 1.05 коэффициент берсе, армениялық клубқа 10 коэффициент ұсынып отыр. Былтыр осы Еуропа лигасының топтық кезеңінде өнер көрсетіп, ел футболының абыройын асқақтатқан қарағандылық «Шахтер» клубынан жанкүйерлердің де күтері көп.
«Шахтер» мен «Ширак» командалары арасындағы кездесу Астана уақытымен сағат 18:30-да басталады. Ойын «Хабар» арнасының тікелей эфирі арқылы таратылады.
Елордалық «Астана» клубы бірінші ойында армениялық тағы бір клуб «Пюник» командасын сырт алаңда тас-талқан етіп жеңген болатын (4:1). Ол ойында астаналықтар сапынан Таңат Нөсербаев, Бауыржан Жолшиев, Фокси Кетевоама, Атанас Курдов сынды футболшылардың қанжығасы майланған еді. Бүгінгі ойында «Астана» командасының келесі кезеңге шығу мүмкіндігі жоғары. Букмекерлік кеңселер де елордалық клубты айқын фаворит санауда. «Астананың» жеңісіне 1.16 коэффициент берілсе, еревандық команданың келесі кезеңге өтуіне 12.5 коэффициент ұсынылған екен.
«Астана» мен «Пюник» командалары арасындағы кездесу Астана уақытымен сағат 19:00-да басталады. Ойын «KazSport» арнасының тікелей эфирі арқылы таратылады.
Алматылық «Қайрат» өз алаңында албаниялық «Кукеси» командасын қабылдап, 1:0 есебімен жеңіске жеткен еді. Асан Дарабаев соққан жалғыз гол Владимир Вайсс командасына басымдылық алып келді. Бүгінгі өтетін қарымта ойынға букмекерлік кеңселер өз болжамдарын ұсынып үлгерді. Олар «Қайраттың» келесі кезеңге өтуіне 1.24 коэффициент берсе, «Кукесиге» 2.75 коэффициент беріп отыр.
Ойын алдындағы баспасөз маслихатында «Қайраттың» бас бапкері Владимир Вайсс: «Біз ең бастысы өз алаңымызда құр ойын өткізген жоқпыз. Бірақ бүгін екі команда да мүмкіндік бар. «Кукеси» өз алаңында ойнайды. Яғни жанкүйерлер 12-ші ойыншы болып саналады. Біздің командаға мықты футболшылар жинақталған. Егер команда да жақсы адамдар, ойыншылар болса, бәрі де дұрыс болады деп ойлаймын. Егер біздің келесі кезеңге өткіміз келсе, кем дегенде бір доп соғуға міндеттіміз. Ең үлкен қорғаныс – шабуыл. Біз шабуылдаушы командамыз. Сондықтан қорғаныста жатып алмай, алда ойнайтын боламыз», - деді.
Сонымен қатар, команда капитаны Самат Смақов: «Бірінші ойын алдында біздің «Кукеси» туралы ақпаратымыз аз болды. Себебі, олар 50 пайызға өзгеріске түскен команда. Біз оларды екінші нөмірмен ойнайды деп ойлаған едік. Ойымыз дәл келді. Құдайға шүкір, біз соңғы минуттарда гол салып, жеңіске жеттік. Бүгінгі ойында «Кукеси» өзінің бұрынғы ойын өрнегін көрсетеді деп ойлаймын, және ол біз үшін тиімді болады», - деген пікірін білдірді.
Ал, албаниялық клубдың қорғаушысы Дритан Смайляй журналистерге берген сұқбатында: «Кукеси» «Қайраттың» қалай ойнайтынын алғашқы ойын арқылы жақсы танып білді. Техникалық жағынан мықты команда біздің қақпашы Халилді біраз терлетті. Қазақтар ойынды екі қанат арқылы ұйымдастырады. Алматыдағы кездесуде «Қайрат» біздер күткендей мықты болмады. Әрине қарсыласымыз оңай шағылар жаңғақ емес. Бірақ біздің оларды жеңуге күшіміз жетеді», - деген екен.
«Кукеси» мен «Қайрат» командалары арасындағы кездесу Астана уақытымен сағат 23:30-да басталады. Ойын «Қайрат» футбол клубының ресми сайты арқылы таратылады деп жоспарлануда.
Жерлестерімізге сәттілік тілейміз!
Дайындаған: Нұржігіт Айдархан
Сурет: Vk.com, Vesti.kz