Бүгін «Астана» мен «Ақтөбе» қарымта ойындарын өткізеді

О Сансызбай Корреспондент
О Сансызбай>
Бүгін «Астана» мен «Ақтөбе» қарымта ойындарын өткізеді

Еуропа лигасының плей-офф кезеңіне жеткен «Астана» мен «Ақтөбе» бүгін түзде қарымта ойындарын өткізеді. 

БӨЛІСУ

«Вильярреал» (Испания) – «Астана» (Қазақстан)

Осыдан бір апта бұрын «Астана-аренада» испаниялық клуб жерлестерімізді ірі есеппен жеңіп кеткен болатын. Енді Еуропа лигасының топтық кезеңіне шығу үшін елордалық клубқа алаң иелерінің қақпасына жауапсыз төрт гол соғу керек. Мұны мүмкін емес екенін бәрі де айтады. Ғайыптан тайып мүмкін болып жатса, кешегі «Лудогорец» ойыншысының ерлігі жолда қалары сөзсіз.

Бұл маусымдағы Еуропа лигасын «Астана» сәтті өткізіп келеді. Үш кезеңді артта қалдырған Станимир Стойлов сарбаздары УЕФА клубтық рейтингінде 403-ші орыннан 309-шы орынға көтерілді. Сонымен қатар, Қазақстанның УЕФА коэффициенттер кестесінде 32-ші орынға көтерілуіне зор септігін тигізді. Бәлкім, бүгінде қоржынға ұпай салып қалар.

Испания футболы – қазіргі таңда танымал біріншіліктердің көшін бастап тұр. УЕФА рейтингінде де испаниялық клубтардың мысы жоғары. «Вильярреалдың» осал қарсылас емес екені о бастан белгілі. Футбол мамандары мен көптеген жанкүйерлер тамашалайтын кездесуде жерлестеріміздің белсенуіне зор мүмкіндік бар. Танат Нөсербаев пен Бауыржан Жолшиев бүгін бар өнерлерін салуы керек. Біріншіден, еліміздің атын танытып жатса, екіншіден жеке спорттық мансаптарына жол ашылады. Астанадағы бірінші кездесудің өзінде Бауыржанның өнерін қарсыластар жоғары бағалады. Топтық кезең бұйырмаған күннің өзінде гол соғу мен тәжірбие жинау үшін бүгінгі «Эль-Мадригалдағы» ойынның маңызы зор.

Кездесуге израилдік төреші Лиран Лиани қазылық жасайды. Ойын Астана уақытымен түнгі сағат 00:45-те басталады. Тікелей эфирде «Қазақстан» арнасынан тамашалай аласыздар.

«Легия» (Польша) – «Ақтөбе» (Қазақстан)


Владимир Газзаев шәкірттері әлі ештеңе жоғалтқан жоқ. Өз алаңындағы бір доп айырмасымен жіберілген есені Варшавада қайтаруға «Ақтөбенің» қарымы жетеді. Ресейлік маман бірінші ойыннан команданы екі күн демалысқа босатып, кейіннен дайындығын пысықтады. Әсіресе, бүгін психологиялық тұрғыдан жерлестеріміз мығым болуы керек. Алаңдағы қысым мен жанкүйерлер қысымы жүйкеге салмақ түсірері анық. Десе де топтық кезеңге өту мүмкіндігі барын ақтөбеліктер ұғынып шығуы тиіс. Мұны бас бапкер Владимир Газзаевтың өзі де айтып отыр.

Букмекерлік орталықтар да алаң иелерінің жеңіске жетуі мен топтық кезеңге өтуін жоғары бағалап отыр. «Легияның» жеңісіне – 1,37 коэффициент, тең ойынға – 4,35 коэффициент, «Ақтөбе» жеңісіне – 9 коэффицент беріп отыр. Ойынға фин төрешісі Маттиас Гестраниус қазылық жасайды.

Ойын Астана уақытымен түнгі сағат 01:00-де басталады. Тікелей эфирде «KazSport» арнасынан тамашалай аласыздар. Ел намысын қорғайтын қос клубқа сәттілік тілейміз!

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет: sports.kz, goal.net.ua,legia.com