Аргентина елінің астанасы Буэнос-Айресте ІІІ жазғы жасөспірімдер арасындағы Олимпиада ойындары басталды. Төрт жылда бір рет өтетін жарысқа жас қазақстандық спортшылар да қатысуда.
Халықаралық Олимпиада комитеті (ХОК) қолдауымен қолға алынған дода тарихта үшінші рет өткелі жатыр. Қазақстандық жас өрендер де үшінші рет қатысады. Олай болса, тарихқа бір көз жүгіртсек.
Жасөспірімдер арасындағы жазғы Олимпиада ойындары алғаш рет 2010 жылы Сингапурде өтті. Қазақстан құрамасы сапында спорттың 17 түрінен 47 қазақстандық спортшы қатысты. 2 алтын, 2 күміс және 2 қола медаль еншілеген отандастарымыз жалпы есепте 18-орыннан көрінді.
Сингапурде грек-рим күресінен Жәнібек Қандыбаев пен ауыр атлет Жазира Жаппарқұл жеңімпаз атанып, қазақтан шыққан жасөспірімдер арасындағы алғашқы Олимпиада чемпионы атанды. Жәнібек бұл күндері халықаралық жарыстарға қатысып жүрсе, Жазира 2016 жылы Риодағы Олимпиада ойындарында күміс жүлдеге қол жеткізді.
Күміс медальға таеквондошы Нұрсұлтан Мамаев пен ауыр атлет Зүлфия Чиншанло ие болған. Нұрсұлтан кейіннен екі бірдей Олимпиадаға қатысты. Ал Зульфия болса 2012 жылы Лондонда Олимпиада чемпионы атанып, кейіннен допинг дауына ілікті. Жақында спортқа қайта оралды.
2010 жылғы жасөспірімдер Олимпиадасында қола жүлдені балуан Ақан Баймағамбетов пен ауыр атлет Рүстем Сыбай иеленді.
Араға 4 жыл сала жасөспірімдер арасындағы жазғы Олимпиада ойындары Қытайдың Нанкин қаласында өтті. Қазақстандық жас спортшылар 3 алтын, 1 күміс, 4 қола медаль еншілеп, жалпы есепте 21-орыннан көрінді.
Алтын медальды боксшы Абылайхан Жүсіпов, дзюдошы Бауыржан Жауынтаев және еркін күрес шебері Қуатбек Мұхамбетов жеңіп алды. Бүгінде бұл спортшылар ұлттық құрама сапында. Күміс жүлдені боксшы Вадим Казаков, қола медальді Евгений Поливадов (грек-рим күресі), Жасұлан Қалиев, Татьяна Капустина (ауыр атлетика) және көркем гимнастикадан Қазақстан құрамасы иеленді.
Жасөспірімдер арасындағы жазғы Олимпиада ойындары - жастардың болашағына жол ашатын жарыстардың бірі. Тәжірибе жинап, үлкен жарыстардың аурасын сезінетін болады.
Буэнос-Айрестегі жарысқа биыл спорттың 22 түрі бойынша 57 спортшы қатысады. 18 қазанға дейін жалғасатын спорттық шараға 206 елден 4000-ға жуық спортшы келген. Жарыстың ашылу салтанаты да ерекше өтті. Жергілікті продюсерлер мен режиссерлер дайындаған шара стадионда емес, жазық алаңда өтті. Кіру де тегін болды. Тағы бір ерекшелігі – спортшылардың дәстүрлі шеруі. Бұл жолы тек ел байрағын көтеретін спортшылар ғана ортамен жүріп өтті. Қазақ елінің туын боксшы Дамир Тойбай көтеріп шықты.