Біржан Жақыпов пен Берік Әбдірахманов спорттағы мансабын аяқтады

О Сансызбай Корреспондент
О Сансызбай>
Біржан Жақыпов пен Берік Әбдірахманов спорттағы мансабын аяқтады
Фото ©️ vesti.kz

Қазақстандық боксшылар Біржан Жақыпов пен Берік Әбдірахманов спорттағы мансабын аяқтады. Бұл туралы Қазақстан ұлттық құрамасының бас жаттықтырушысы Мырзағали Айтжановтан сұхбат алған «vesti.kz» тілшісі хабарлады.

БӨЛІСУ

32 жастағы Біржан Жақыпов Қазақстан құрамасы сапында үш Олимпиада ойындарына (2008, 2012 және 2016) қатысты. Төртжылдықтың басты додасында үш рет ширек финалда сүрінгенмен, халықаралық жарыстарда талай рет жеңіс тұғырынан көрінді. 2005 жылы әлем чемпионатының қола жүлдегері, 2010 және 2014 жылдары Азия чемпионатында күміс алса, 2013 жылы Алматыда әлем чемпионы атанды.

Боксшы алдағы уақытта Шымкент қалалық бокс мектебі директорының орынбасары қызметін атқармақ.

Берік Әбдірахманов та әуесқой бокспен біржола қош айтысты. Жуық арада ол кәсіпқой боксқа ауысуы мүмкін, не спортты түбегейлі қойып жаттықтырушылық қызметке бет бұруы ықтимал.

Боксшы 60 келі салмақтың көшін 2013 жылы Ғани Жайлауов мансабын аяқтағаннан кейін ұстаған болатын. Актаулық боксшы 2013 жылы Алматыда өткен әлем чемпионатының қола жүлдегері және сол жылы Амманда өткен Азия чемпионатының жеңімпазы. Сонымен қатар ол 2016 жылы Рио-де-Жанейрода өткен Олимпиада ойындарына да қатысты. Бірақ, турнирдің бірінші айналымында америкалық Карлос Балдермастан жеңіліп қалған еді.

Айта кетейік, осыған дейін ұлттық құрамадан Біржан мен Беріктен өзге Олжас Сәттібаевтың да кеткені белгілі болған еді. Ал Данияр Елеусінов кәсіпқой боксқа ауысты. Сондай-ақ Олимпиаданың екі дүркін қола жүлдегері Иван Дычко да жақын уақытта кәсіпқой боксқа ауысуы мүмкін.