Беларуссия ұлттық құрамасының жартылай қорғаушысы Ренан Брессан спорттық мансабын «Ақтөбеде» жалғастыратыны туралы хабарлаған болатынбыз. Алайда бүгін футболшының командамен келісімшартын бұзғаны белгілі болды.
Владимир Никитенко командасы мен футболшы екі жылдық келісімшартқа қол қойған болатын. «Ақтөбенің» Түркия жеріндегі оқу-жаттығу жиындары барысында футболшы мен клуб арасындағы екіжақты келісім бойынша жартылай қорғаушы клубтан кеткен. Енді Ренан Брессанның агенті жаңа клуб іздеп жатыр екен. Ал қазақстандық клубтан футболшының кетуінің себебін ашып айтқысы келмепті. Ел чемпиондары да нақты ақпарат таратуға асығар емес.
Естеріңізге сала кетсек, Ренан Брессан өткен маусымда владикавказдық «Аланияда» ойнаған. Жалақының дұрыс берілмеуі салдарынан футболшы командамен келісімшартын бұзған еді. 2012 жылы өз елінің үздік футболшысы болып танылған да болатын. Сонымен қатар, Қазақстандағы ең қымбат футболшылардың көшін де бастаған-ды.
Дайындаған: Өмірбек Сансызбай
Сурет: sports.kz