Бразилиялық қорғаушы "Ақтөбе" сапын толықтырды

Нұржігіт Айдархан Корреспондент
Нұржігіт Айдархан>
Бразилиялық қорғаушы "Ақтөбе" сапын толықтырды

Қазақстан премьер-лигасының қазіргі чемпиондары "Ақтөбе" командасы, 28 жастағы бразилиялық қорғаушы Андерсон Сантанамен бір жарым жылдық келісімшартқа қол қойды. 

БӨЛІСУ

Андерсон Сантана "Ақтөбенің" жейдесін киместен бұрын одессалық "Черноморец" сапында өнер көрсеткен. Өткен маусымда Украинадағы саяси тұрақсыздыққа байланысты, бразилиялық қорғаушы маусымды соңына дейін аяқтай алмай, наурыз айының басында Одесса қаласынан кетіп қалған екен. Андерсон Сантана "Черноморец" сапында Украина біріншілігінде 14, Еуропа лигасында 12 ойын өткізген.

Бұрынырақта, Андерсон Сантана "Маморе", "Кабуфренсе", "Крузейро", "Тупи", "Линарес" және "Наутико" секілді бразилиялық клубтарда доп тепкен. 2010 жылы грозныйлық "Теректің" жейдесін киген болатын. Алайда, "Терек" сапында бірде-бір ойын өткізбеген ол, екі жылдан кейін португалиялық "Витория" командасына ауысып кеткен.

Transfermarkt.de сайтының мәліметі бойынша, Андерсон Сантана 1 миллион еуроға бағаланады. Осылайша ол, ел біріншілігіндегі ең қымбат ойыншыларды қатарына кіретін болды. Бұл тізімді "Астана" командасының жартылай қорғаушысы Ренан Брессан бастап тұр. Ол 2 миллион еуроға бағаланады. Екінші орынды "Ақтөбенің" жартылай қорғаушысы Маркос Пиззелли, "Астананың" шабуылшысы Сисеру және "Атыраудың" қорғаушысы Майкл Одибе үштігі бөліскен. Олардың бағасы - 1,5 миллион еуро. 

Сондай-ақ, ақтөбелік клуб жаңа ғана Transfermarkt.de сайты 1 миллион 800 мың евроға бағалаған, "Черноморец" командасының тағы бір ойыншысы Алексей Антоновпен де келісімшартқа отырғаны белгілі болды. Клуб басшылығы Украина құрамасының шабулшысымен 2,5 жылдық келісімге қол қойған екен. 28 жастағы ойыншы "Черноморец" сапына 2013 жылдың жазында қосылып, 43 ойында 15 гол соққан. Осылайша, "Ақтөбе" қатарына тағы бір қымбат ойыншы қосылып отыр.

Дайындаған: Нұржігіт Айдархан

Сурет: pobeda.od.ua