Бразилия елі ұлттық күресімізге ерекше құрмет көрсетті

О Сансызбай Корреспондент
О Сансызбай>
Бразилия елі ұлттық күресімізге ерекше құрмет көрсетті
Фото ©️ Ақын Ордабайұлы

Бразилия десе футбол еске түседі. Әрине , 20 ғасырдың үздік аяқ доп шебері, футбол королі Пелені дүниеге әкелген Бразилия елі, әлемдегі ірі спорт державаларының бірі екеніне дау тумас.

БӨЛІСУ

Бразилия футболдан ғана емес, өзге спорт түрлерінен әлем көшін бастап келе жатқан мемлекет. Айталық, бұл елде күрес пен бидің синтезі - капоэйра жекпе-жегі, бразилиялық джиу-джитсу мен ММА аясында әлемді аттары айшықталып қалған Грэйси әулетінің жетістіктерін айтсақ жетіп жатқан болар. Сондықтан да жекпе-жек өнеріне қызығушылығы ерекше бразилиялықтардың біздің қазақ күресінің айрықшылығы елітіп алғандығы туралы дәлелдерді жайып айтсақ.

Сонымен Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясы Біріккен күрес Одағымен тізе қоса отырып Бразилияның Сан-Паулу мен Рио-де-Жанейро қалаларында төл күресімізден ересектер арасында екі салмақ бойынша өткізген Пан-Америка чемпионаты ерекше есте қалатын оқиғаның бірі болды. Қазақ күресі тағы бір үлкен асуды бағындырды десе болады.

Негізі ата күресіміз Пеленің Отанына осымен екінші мәрте оралып келіп аламан жекпе-жектерді өткізу мәртебесіне ие болып отыр. 2012 жылы Бразилияның Сан-Паулу қаласында ел тарихында тұңғыш рет жасөпірімдер арасында 1-ші Әлем чемпионаты ұйымдастырылған болатын. Міне, араға 5 жыл салып төл күресіміз Бразилия еліне екінші рет оралып, ұлттық күресімізден 8 мемлекеттің өкілдерінің қатысуымен аламан белдесулер өткізіп, қызуқанды бразилиялықтардың ризашылығына бөленіп қайтып отыр. Жалпы, Пан Америка елдері ұлттық күресімізге деген ерекше сүйіспеншілігін елімізден барған мамандар байқаған екен. Жарысты қызыға тамашалаған бразилиялықтардың көпшілігі қазақ күресінің болашағы зор екендігін айтып, Олимпиада ойындарының бағдарламасынан лайықты орын алатын тамаша күрес түрі екендіктерін жеткізіпті.

Жарыс басталар алдындағы күндері қатысушы төрешілерге арналған қазақ күресінің ережелері мен тарихынан слайд-шоулар мен мағыналы семинар-кеңестер өткізіліп, танымдылық насихаты жан-жақты жоғары деңгейде жүргізілді. Айталық, Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының вице-президенті, профессор, ҚР еңбегі сіңген жаттықтырушы Серік Адамұлы Түкеев мырза қазақ күресінің күртешесін киіп алып, шетелдіктерге қазақ күресінің әдіс-айлаларын барынша көрсетіп, бозкілемде әбден тер төкккен екен. Мұндай қадам басшылықтың ұлттық күресімізді жан-тәнімен жақсы көріп қана қоймай, ісімен дәлелдеп айналаға үлкен үлгі болғаны анық. «Ұлық болсаң, кішік бол» - деген осы емес пе?. Қазақ күресінен Дүниежүзілік федерацияның бас хатшысы Нұрлыбек Ермағанбетов те біліктілігін паш етіп, төл күресіміздің басты ерекшеліктерін төрешілерге кең көлемде насихаттап, қатысушы мемлекеттердің жаттықтырушыларына қолдауға қажет теория-методикалық сабақ ретінде, қазақ күресінің ережелері мен ерекшеліктері туралы жазылған флешка, дисклерді сыйға тартты. Ұлттық күресіміздің қыр-сырын барынша наисхаттаған Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының өкілдері шетелдік балуандар мен төрешілердің тарапынан жақсы бағасын алған екен.

Сонымен Рио-де-Жанейро қаласында 8 мемлекеттен екі балуаннан келіп қатысқан Пан Америка чемпионаты 80 кг мен +80 кг-нан жоғары екі салмақ дәрежелері бойынша басталып кеткен еді. Қатысушы елдерге тоқтала кетсек, олар Бразилия, Чили, Мехико, Перу, Уругвай, Парагвай, Аргентина, Колумбия. Бәрін айт та, бірін айт демекші, осы Бразилияда ұйымдастырылған қазақ күресінен Пан Америка чемпионаты қазақ күресін тағы бір жоталы қырға алып шықты десе болғандай. Ең бастысы шетелдіктер біздің күрестегі ережелерде ана тілімізде айтылатын «Баста», «Тоқта»- деген тіркестерді жаттап үйренді. Түсінбегендерін сұрап алып, аса қызығушылықтарын білдіріп жатты. Ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан қасиетті өнеріміз кемеліне келіп, әлемге шығатын уақыты жетті. Бүгінгі күні, Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының қазақ күресін әлем елдеріне кеңінен дамытып, Олимпиада ойындарының бағдарламасына қосу мақсаты осылайша сәтті сапарлардың жемісімен жалғасын тауып келеді.

Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ