Болгарияда қазақ боксшыларына бір алтын ғана бұйырды

О Сансызбай Корреспондент
О Сансызбай>
Болгарияда қазақ боксшыларына бір алтын ғана бұйырды
Фото ©️ kfb.kz

Бокстан Болгария елінің астанасы Софияда өткен «Страндж» халықаралық турнирі аяқталды. Қазақстан құрамасы 1 алтын 1 қола медаль жеңіп алды.

БӨЛІСУ

68-ші рет ұйымдастырылған жарысқа еліміздің атынан 7 боксшы аттанған болатын. Әділет Құрметов (60 келі), Азамат Исақұлов (52 келі) пен Нұрбол Қалжанов (56 келі) алғашқы жекпе-жектерінде-ақ жеңілсе, Абылайхан Жүсіпов (69 келі) пен Жомарт Ержан (49 келі) екінші кезеңнен кейін жарысты аяқтады.

Жартылай финалға екі қазақ боксшысы ғана шықты. Ауыр салмақта Қамшыбек Қоңқабаев болгар боксшысы Петар Белберовқа ұтылды. Нәтижесінде қола медальды қанағат тұтты. Ал 75 келіге дейінгі салмақта шаршы алаңға шыққан отандасымыз Тұрсынбай Құлахмет жарыс жеңімпазы атанды. Ол финалда болгар боксшысы Арман Хакобянды ұтты.

Осыған дейін қазақ боксшылары Венгрияның Дебрецен қаласындағы «Иштван Воскай» атындағы халықаралық турнирге қатысқан болатын. Ол жарыста 75 келіге дейінгі салмақта Ерік Әлжанов жеңімпаз атанса, Шаймұрат Құсайнов – күміс, Азат Махметов пен Илья Очкин қола жүлдегерлер атанған еді.

Биылғы жылы қазақстандық боксшыларды екі үлкен бәсеке күтіп тұр. Оның бірі - әлем чемпионаты болса, екіншісі - Азия біріншілігі. Азия чемпионаты 30 сәуір - 7 мамыр аралығында Ташкентте (Өзбекстан) өтсе, әлем чемпионаты 25 тамыз - 3 қыркүйек аралығында Гамбургте (Германия) өтеді.