Болгарияда бақ сынайтын боксшылар

О Сансызбай Корреспондент
О Сансызбай>
Болгарияда бақ сынайтын боксшылар
Фото ©️ Данияр Майлыбаев

Бокстан Қазақстан ұлттық құрамасы Болгария елінің астанасы Софияда өтетін Странджа халықаралық турниріне қатысады. Жарыс 14 ақпан күні басталады.

БӨЛІСУ

10 салмақ дәрежесінің барлығында қазақстандық боксшылар бар. Биыл бұл жарысқа еліміздің ең үздік боксшылары қатыспақ. 10 боксшының 9-ы соңғы ел чемпионатында топ жарған. Тек 75 келіге дейінгі салмақта Әбілхан Аманқұлдың орнына күміс жүлдегер Ерік Әлжанов қатысады. Сондай-ақ ұлттық құрама сапында әлем чемпионы Қайрат Ералиев (56 кг), Олимпиаданың күміс жүлдегері Василий Левит (-91 кг) пен 2015 жылы осы жарыста жеңімпаз атанған команда капитаны Қамшыбек Қоңқабаев (+91 кг) бар.  

Жеңіл салмақта (49 кг) Теміртас Жүсіпов шаршы алаңға шығады. 52 кг салмақта Анвар Музаппаров бақ сынайды. Закир Сафиуллин (60 кг) мен Санатәлі Төлтаев (64 кг) та өз салмақ дәрежелерінде ел намысын қорғайды. Қазақтың салмағы саналатын 69 келіде Абылайхан Жүсіпов барады. 81 келіге дейінгі салмақта жаттықтырушылар Бек Нұрмағанбетке сенім артып отыр.

Странджа халықаралық турнирінен қазақ боксшылары құралақан қайтқан емес. Кем дегенде 1 алтын медаль еншілеп келген. 2016 жылы - Жомарт Ержан (49 кг) , 2017 жылы - Тұрсынбай Құлахмет (75 кг), 2018 жылы Сабыржан Бақбергенов (64 кг) чемпион атанған.

Айта кетейік, жуырда қазақстандық боксшылар Венгрияның Дебрецен қаласында өткен Иштван Бочкай атындағы халықаралық турнирде 5 жүлде еншілеп қайтты.