Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы Венгрияның Фельчут қаласында Болгариямен жолдастық кездесу өткізіп, 2:1 есебімен қарсыластарына есе жіберіп алды.
Ойынның бірінші таймында болгарлар есепте басымдық танытып шықты. 24 минутта Гафуржан Сүйімбаев айып алаңында ойын ережесін бұзды. Төреші пенальти белгілеп, Ивелин Попов өз мүмкіндігін оңтайлы пайдаланып кетті. Ал оған дейін Еркебұлан Сейдахметтің есеп ашуына зор мүмкіндігі болған еді.
Екінші таймда алаңға шыққан Еркебұлан Тұңғышбаев шабуыл шебін ширатты. 55 минутта Ордабасы ойыншысы таразы басын теңестіре білді. Оған дейін Роман Мұртазаевтың бағыттаған бір добы қақпа бағанынан қайтқан еді.
Одан кейінгі аралықта Қазақстан құрамасы ойында басымдық танытты. Доп ұстау мен шабуылда белсенділік байқатты. Алайда соңғы секундтарда болгарлар сан соқтырып кетті. Айып соққысынан асырылған допқа бірінші жеткен Николай Бодуров Владимир Плотников қорғаған қақпада доп тулатты.
Айта кетейік, Қазақстан құрамасы 23 наурыз күні Венгрия құрамасын 3:2 есебімен ұтқан болатын. Бұл ойын - ұлттық құрама тізгінін ұстаған Станимир Стойловтың екінші кездесуі.