Бүгін Астана қаласында Қазақстан бокс федерациясының 2015 жылғы кубогының жеребесі тартылды. Тимур Құлыбаевтың қолдауымен бастау алған өңіраралық командалық жарыс биыл алтыншы рет өткелі отыр.
Жанкүйерлер мен спортшылар арасында жылдан-жылға танылып келе жатқан турнирбокстағы жаңа есімдерді ашуда маңызды рөл атқарып келеді. Жас таланттардың көзге түсуіне мұрындық болып жүрген бірден-бір жарыстардың бірі. Командалық жүйеде өтетін додаға еліміздің 14 облысы мен Алматы және Астана қалаларының командалары қатысып келеді.
Алтыншы рет ұйымдастырылғалы отырған турнирдің жеребе тастау рәсіміне Қазақстан ұлттық құрамасының капитаны Данияр Елеусінов пен 2014 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Ләззәт Күнгейбаева қатысты. 16 команда 4 топқа бөлініп, жарыстың өтетін орындары анықталды.
Жеребе қорытындысы:
«А» тобы: Атырау, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл облысы және Солтүстік Қазақстан
«В» тобы: Қызылорда, Ақтөбе, Маңғыстау және Алматы қаласы
«С» тобы: Қостанай, Қарағанды, Павлодар және Алматы облысы
«D» тобы: Ақмола, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан және Астана қаласы.
«А» тобындағы командалардың жарысы Атырау қаласында, «В» тобындағылар – Ақтауда жарыс жолына шығады. «С» тобының сайысы – Талдықорғанда, «D» тобындағы командалардың кездесуін Астана қаласы қабылдайды. Ширек финал 20-23 тамызда «А» және «С» топтары арасында, 27-30 тамызда «В» және «D» топтары арасында өтеді.
Әр өңірдің намысын қорғайтын командалардың сапында 20 боксшыдан болады. 10 боксшы негізгі құрамда болса, қалғаны қосалқы құрамда өнер көрсетеді. Командалар бір-біріне қарсы 10 жекпе-жек өткізеді. Егер есеп 5:5 есебімен тең аяқталса, жеребе бойынша қосымша кездесу белгіленеді.
ҚБФ кубогының жартылай финалы мен финалы 14-15 желтоқсанда өтеді. Әзірге өтетін орны белгіленген жоқ. 2014 жылы Щучинскіде (Ақмола облысы) өткен болатын.
Айта кетейік, осыған дейін бес рет ұйымдастырылған турнирде Астана боксшылары (2010, 2013) екі рет топ жарса, 2011 жылы Қарағанды, 2012 жылы Маңғыстау өңірінің өрендері, 2014 жылы Жамбыл облысы жеңімпаз атанған болатын.