Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері Иван Дычко Азия чемпионатының соңғы күнінде өз салмағында топ жарып, еліміздің қоржынына жетінші алтынды салды.
Жарыстың 91 келіден жоғары ақтық финалдық кездесуінде ол өзбек боксшысы Изатулла Эргашевтен айласын асырды. Үшінші раунд аяқталысымен қапталдағы үш төреші де жеңісті бірауыздан Дычкоға беріп, осылайша ол еліміздің бокс тарихындағы ең үлкен нәтижені тіркеді.
Айта кету керек, Дычконың қатысуымен болған кездесу иорданиялық жанкүйерлердің айқайымен бірнеше уақытқа кідірді. Олар осыдан сәл уақыт бұрын рингке шыққан қазақстандық Антон Пинчуктың төрешілердің шешімімен иорданиялық Ихаба Алматбулиден басым түскеніне наразы болды. Осы жағдайларға байланысты Дычко тек бірнеше минуттан соң ғана кездесуін бастауға мүмкіндік алды.
Осылайша бокстан Азия чемпионатының қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы жеті алтын және бір күміс медаль иеленіп, жалпыкомандалық есепте сенімді түрде бірінші орынды иеленді.
Сонымен жүлдегер атанғандарға тоқталсақ: Теміртас Жүсіпов (49 келіге дейін, алтын), Берік Әбдірахманов (60 келіге дейін, алтын), Мерей Ақшалов (64 келіге дейін, алтын), Данияр Елеусінов (69 келіге дейін, алтын), Жәнібек Әлімханұлы (75 келіге дейін, алтын), Әділбек Ниязымбетов (81 келіге дейін, күміс), Антон Пинчук (91 келіге дейін, алтын), Иван Дычко (91 келіден жоғары, алтын).
Бокстан Азия чемпионаты 1 мен 8-шілде аралығында Иордания астанасы Амманда қаласында өтті.
Дайындаған: Болат Қосмағамбет
сурет: news.nur.kz