Иордания астанасы Амманда өтіп жатқан 2020 жылғы Токио Олимпиадасына іріктеу турнирінде қазақстандық боксшы Сәкен Бибосынов лицензияны жеңіп алды.
52 килоға дейінгі салмақ дәрежесінде жұдырықтасқан Сәкен Бибосынов жолдама үшін өткен жекпе-жекте филиппиндік Карло Пааламмен кездесті. Бірінші раундта бес төрешінің төртуі отандасымыз басым болды деп есептесе, екінші раундты Сәкен Бибосынов сәл басымдықпен алды. Шешуші раундта қазақстандық боксшы жеңісті қолдан бермеді.
Кешкі сессияда финалға жолдама алған боксшыларымыз Закир Сафиуллин (63 килоға дейін), Әбілхан Аманқұл (75), Бекзад Нұрдәулетов (81) пен Василий Левит (91) шаршы алаңға шығады.
Естеріңізге сала кетейік, қазірдің өзінде Қазақстан құрамасының қоржынында сегіз Олимпиада жолдамасы бар. Серік Теміржанов, Закир Сафиуллин, Абылайхан Жүсіпов, Әбілхан Аманқұл, Бекзат Нұрдаулетов, Василий Левит, Қамшыбек Қонқабаев және Надежда Рябец Токио Олимпиадасының лицензиясын иемденді.