Тараз қаласында мәресіне жеткен 2014 жылғы бокстан ел чемпионатының үздіктері анықталды. Додаға еліміздің 14 облысынан бөлек, Алматы мен Астана қалаларынан келген 200-ге тарта боксшы қатысқан еді.
Ел чемпионаты 10 салмақ дәрежесі бойынша өтіп, 2014 жылғы ел чемпиондарын анықтады. Жарыс AIBA ережесі жүйесінде өтті. Жеңімпаздар медаль, арнайы диплом және естелік сыйлықтармен марапатталды.
2014 жылғы ел чемпионатының ең үздік боксшысы болып Жамбыл облысының намысын қорғаған 69 келідегі Асланбек Шымбергенов танылды. Ол финалда жерлесі Cағадат Рахманқұловтан 2:1 есебімен басым түскен болатын.
75 келіде шымкенттік Нұрзат Собиров төрешілер шешімімен жеңіс үшін қайсарлық танытқан боксшы ретінде марапатталды. Ал үздік төреші болып Әлішер Алтаев (ОҚО) танылды.
Айта кетейік, 2014 жылғы ел чемпионатында жалпыкомандалық есепте Жамбыл облысы (3 алтын) көш бастады. Одан кейінгі орындарға тиісінше, Ақмола облысы (2 алтын), Алматы облысы (2 алтын), Астана (2 алтын) және Оңтүстік Қазақстан облысы (1 алтын) орналасқан еді.
Сурет: old.liter.kz