Әлеуметтік желіде әкесіне жылап жанкүйер болған баланың видеосы тарады. Бокс бәсекесі кезіндегі оның қолдауы жанкүйерлер жүрегін елжіретті, - деп жазады Tengri Sport.
Видеодан байқағандай, баланың әкесі - спортшы Жеңісбек Оразов. Ол Атырауда өткен жергілікті бокс турнирінде қарсыласымен жекпе-жек өткізген. Ал оның ұлы трибунадан әкесіне жанкүйер болып, қолдау көрсетіп тұрған. Қарсыласының соққылары дәл тиген сәттерде бала көз жасын ұстай алмай, эмоциясына ерік береді.
Видеоға пікір қалдырған қазақстандықтар жас жанкүйерге қолдау білдіріп: "Сенің әкең нағыз батыр!", "Әкең сияқты батыр чемпион бол! Еліміздің атын шығаратын нағыз азамат бол!", "Балаңыздың шексіз махаббаты мен қолдауы бәріміздің жүрегімізді тебірентті. Әке мен бала арасындағы мұндай байланыс - өмірдің ең үлкен сыйы. Балаңыздың көз жасы - тек аяушылықтың белгісі емес, әкеңіздің батырлығына деген мақтаныштың және шынайы сүйіспеншіліктің белгісі. Бұл сәт отбасылық қолдаудың қаншалықты үлкен күш екенін тағы бір дәлелдеді," - деп жазды.
Баланың әкесіне қарсылас болған боксшы да видеоны көріп, қолдау білдірді.
"Кешір, балақай. Егер мен ұрмасам, ол мені ұратын еді. Бірақ сенің әкең нағыз батыр", - деп жазды Айбек Ілиясов.
Жекпе-жек 18 қаңтар күні өткен. Төрешілер шешімімен Айбек Ілиясов жеңіске жеткен.