Кәсіпқой боксшы Бобыржан Момынов Қазанда өткен бокс кешінің басты жекпе-жегінде ресейлік Вагинак Тамразянды жеңіп, IBF Intercontinental белбеуін иеленді.
Қазақстандық боксшы мансабындағы 12-ші жеңісіне қол жеткізді. Осыған дейін жекпе-жектерінің көбін АҚШ өткізген. Аргентина мен өз жерінде де шаршы алаңға шыққан.
Бобыржан Вагинакпен болған жекпе-жектің басында нокдаун алып қалды. Жалма-жан орнынан тұрып, жұдырықтасуды жалғастырды. Төртінші раундта қарсыласын тықсыра түсіп, жеңіске жақын болған. Гонк дауысы қарсыласын құтқарғандай болды.
Жекпе-жек жоспарланған 10 раундқа созылып, қазақстандық боксшы төрешілер есебі бойынша 96-94, 95-95 және 97-93 нәтижесімен жеңіске жетті. Осылайша жартылай орта салмақта IBF Intercontinental белбеуін жеңіп алды.
Қазандағы бокс кешінде Бобыржаннан өзге Дастан Садуұлы мен Арман Рысбек те шаршы алаңға шыққан. Екі боксшы да мансабында алғаш рет жеңілістің кермек дәмін татты.