Кәсіпқой бокс әлеміндегі ең беделді промоутерлік компаниялардың бірі америкалық Top Rank жетекшісі Боб Арум өзінің қарамағындағы 26 жасар украиналық Василий Ломаченконы қазірдің өзінде әлемдегі ең үздік бес боксшының (P4P) қатарында екендігіне сенім білдірді. Арумның ойынша, Ломаченко танымалдылығы жағынан қазақстандық Геннадий Головкин мен ресейлік Руслан Проводниковтан (екеуі де HBO телеарнасында жоғары рейтингтерге ие әрі күн санап өсіп келеді) асып түсетін мүмкіндігі бар.
«Менің ойымша, Ломаченко әлемнің үздік бес боксшысының бірінен саналады. Оны қай жағынан алып қарасаңыз да мін таба алмайсыз. Оның осындай бағаға ие болуына әуесқой бокстағы шыңдаған шеберлігі себеп. Головкин мен Проводников қаншалықты мықты болса да, Ломаченконың қай жағынан болса да олардан асып түсетініне сенемін. Ол сирек кездесетін нағыз талантты боксшы»,-деп жазады Боб Арумның сөзіне сілтеме жасай отырып Аllboxing.ru.
Айта кетейік, Василий Ломаченко 1 наурыз күні өзінің кәсіпқой мансабындағы екінші кездесуін өткізеді. Ол жартылай орта салмақтағы WBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы 33 жасар мексикандық Орландо Салидомен жұдырық түйістірмек. Егер сол жекпе-жекте украиналық боксшы қарсыласынан басым түсіп жатса, ол бокс тарихындағы екінші кездесуінде-ақ чемпиондық белбеу иеленген тұңғыш боксшы атанады.
Василий Ломаченко – екі дүркін Олимпиада ойындарының чемпионы (2008 және 2012 жылдар), екі дүркін Әлем және Еуропа чемпионы, халықаралық жарыстар мен Украина чемпионатының бірнеше дүркін жеңімпазы. Ол әуесқой бокс тарихындағы техникалық жағынан ең шебер әрі үздік боксшы саналады. Өзінің әуесқой бокстағы ғұмырында 396 кездесу өткізіп, тек біреуінде ғана (төрешілердің даулы шешімімен) жеңіліске ұшыраған. Алайда кейін сол кезде өзін жеңген Альберт Селимовті Олимпиада ойындары мен WSB кездесулері аясында екі рет тізе бүктіріп, есесін қайтарды.
Естеріңізге салар болсақ, Геннадий Головкин 1 ақпан күні Монакода өзінің соңғы өткізген кездесуінде ганалық Осумана Адаманы техникалық нокаутпен жеңіп, өз атақтарын сәтті қорғап қалған болатын. Бұл жеңіс қазақстандық боксшының мансабындағы 29 кездесіндегі 29-шы жеңісі саналады. Ендігі кездесуін ол 26 сәуір күні Нью-Йорктегі Madison Square Garden кешенінде өткізбекші. Әзірге қарсыласының есімі белгісіз. Алайда оның командасы ирландиялық Энди Лидің кандидатурасы неғұрлым жақынырақ дегенді айтады.
Дайындаған: Болат Қосмағамбет
Сурет: isport.ua