Халықаралық футбол қауымдастықтары одағының (ФИФА) президенті Йозеф Блаттер мен Еуропалық футбол қауымдастықтары одағының (УЕФА) президенті Мишель Платини 8 жылға футболдан шеттетілді. Мұндай шешімді ФИФА-ның төрелік кеңесінің тәртіптік-бақылау комитеті қабылдап отыр.
Қазан айының басында Йозеф Блаттер мен Мишель Платини футболдан 90 күнге шеттетілген еді. Бүгін белгілі болғандай, экс-президенттер 8 жыл футбол ісіне араласпайтын болады. Екеуі де сыбайлас жемқорлыққа жол берді деп айыпталып отыр.
ФИФА-ның төрелік кеңесінің тәртіптік-бақылау комитеті шешімімен Йозеф Блаттер 50 мың, Мишель Платини 80 мың швейцар франкі көлемінде айыппұл төлейтін болады.
Айта кетейік, Йозеф Блаттер 2015 жылы ФИФА президенті болып бесінші рет сайланған болатын. Маусым айында шыққан шудан кейін өз еркімен қызметінен кеткен еді. ФИФА-ның жаңа президентіне сайлау 2016 жылдың ақпан айында өтеді.