Кеше Тараз қаласындағы «Тараз-Арена» спорт сарайында Қазақстан Республикасы Президентінің жүлдесі үшін қазақ күресінен «Қазақстан барысы» республикалық V турниріне Жамбыл облысындағы іріктеу жарыстары аяқталды. Нәтижесінде республикалық турнирдің шешуші кезеңіне Бейбіт Ыстыбаев пен Айтбек Айбол жолдама алды.
«Қазақстан барысы» республикалық турнирінің ресми сайты таратқан ақпарат бойынша, қазақ күресінен Жамбыл облысындағы іріктеудің 3 кезеңі де аяқталды. Жарыстың іріктеуінде Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Қордай, Мерке, Мойынқұм, Талас, Рысқұлов, Сарысу, Шу аудандарының және Тараз қаласының балуандары бақ сынады. I-II кезеңіне жалпы саны 1 512 адам қатысқан. Солардың ішінде 23 палуан облыстық сайысқа жолдама алып, өзара мықтыны анықтады. Нәтижесінде 92 келі салмақтағы Айтбек Айбол мен Бейбіт Ыстыбаев (142 келі) «Қазақстан барысында» Тараздың намысын қорғайтын болды.
Бейбіт Ыстыбаев «Қазақстан барысы» республикалық турнирі басталғаннан бері қатысып келеді. 2012 жылы жеңімпаз атанған да болатын. Ал Айтбек Айбол болса бірінші рет қатысқалы жатыр.
Айта кетейік, ереже бойынша Қазақстан Республикасы Президентінің жүлдесі үшін қазақ күресінен «Қазақстан барысы» республикалық турнирінің іріктеу жарыстары төрт кезең бойынша ұйымдастырылады:
- ауылдар мен елдімекендерде;
- аудандық, қалалық жерлерде;
- облыстық іріктеу жарыстары;
- турнирдің шешуші кезеңі;
Ауылдық, аудандық, қалалық және облыстық жарыстар мен турнирдің ақтық сыны 18 жастан жоғары ересектер арасында +80 келі, яғни абсолюттік салмақ категориясы бойынша өткізіледі. Ақтық сынға ауылдық, аудандық жерлердегі іріктеулерден өткен облыстық кезеңдердің және Астана, Алматы қалаларының жеңімпаздары мен күміс жүлдегерлері жолдама алады. Дәстүр бойынша финалға іріктеу кезеңдерінен өткен 32 балуанмен қатар былтырғы жылғы «Қазақстан барысы» республикалық турнирінің жеңімпазы Мұхит Тұрсынов та қатысады.
Республикалық шешуші кезеңде бақ сынайтын балуандар арасында 2015 жылдың 19-23 мамыр аралығында Алматы қаласында оқу-жаттығу жиыны өткізіледі. Жиын барысында балуандар тереңдетілген медициналық тексеруден және допингтік бақылаудан өтеді.
Республикалық турнир биыл шілде айының 5-інде Астана қаласындағы «Сарыарқа» велотрегінде өтетін болады. Алдағы уақытта өзге облыстардан да үздік шыққандар анықталады.
Ұқсас жазба
2015 жылғы «Қазақстан барысы» қандай жүйеде өтеді?
Сурет: kazakhstanbarysy.kz