Қазақ кәсіпқой боксшысы Бейбіт Шүменов денсаулығына байланысты спорттағы мансабын аяқтады. Бұл туралы Vesti.kz сайтының тілшісі хабарлады.
Боксшының айтуы бойынша, жаттығу кезінде көзінен алған жарақаты ауыр болған. Спорттағы мансабын жалғастырар болса, көз жанарынан айырылуы да мүмкін екен. Дәрігерлер қайта шаршы алаңға шығуына болмайтынын айтқан. Шілде айында Лас-Вегаста кезекті рет көзіне ота жасалмақ екен.
Айта кетейік, бүгін Бүкіләлемдік бокс қауымдастығы (WBA) Бейбіт Шүменовті чемпиондық атағынан айырған болатын. Себебі боксшы денсаулығына байланысты мансабын жалғастырмайтынын хабарлаған.
Бейбіт Шүменовтің чемпиондық атағы кубалық Юниер Дортикосқа беріледі. Екі боксшы негізі сәуір айында жұдырықтасуы тиіс еді. Өкінішке орай, қазақстандық боксшының жарақатына байланысты кездесу кейінге шегерілген-ді.
Бейбіт кәсіпқой бокстағы мансабын 2007 жылы бастаған еді. Одан бергі аралықта 19 жекпе-жек өткізіп, 17-де жеңіске жетті. 2 кездесуінде қарсыласына есе жіберді.