Бейбіт Шүменов жарақат алып қалды

О Сансызбай Корреспондент
О Сансызбай>
Бейбіт Шүменов жарақат алып қалды
Фото ©️ zimbio.com

Кәсіпқой бокста бақ сынап жүрген қазақстандық боксшы Бейбіт Шүменов жарақатына байланысты кездесуін кейінге шегерді. Отандасымыз 20 маусым күні америкалық БиДжей Флореспен WBA уақытша чемпиондық белбеуі үшін жұдырықтасуы тиіс болатын.

БӨЛІСУ

Қазақстандық боксшы жаттығу кезінде иығын жарақат алып қалған. Нәтижесінде кездесу 25 шілдеге шегерілді. Лас-Вегастағы әйгілі «MGM Grand» аренасында өтуі тиіс болған жекпе-жек қайда өтетіні әзірге белгісіз.

Бейбіт Шүменов 2014 жылдың сәуір айында Бернард Хопкинстен жеңілгеннен кейін бірінші ауыр салмаққа ауысқан еді. Дайындығын шыңдаған боксшы желтоқсан айында америкалық Бобби Томаспен (кішісі) кездесу өткізіп, жеңіске жеткен-ді. Қазіргі таңда отандасымыз өз салмағында бүкіләлемдік бокс қауымдастығы (WBA) рейтингінде бірінші орында тұр.

Айта кетейік, 31 жастағы қазақстандық боксшы кәсіпқой бокстағы мансабында 15 жекпе-жек өткізіп, оның 13-інде жеңіске жеткен. 10 кездесуін нокаутпен аяқтаса, 2 жекпе-жегінде жеңіліс тапқан. Ал БиДжей Флорес те осал қарсылас емес. Кәсіби бокста 31 кездесу өткізген. 1 жекпе-жегінде ғана қарсыласына есе жіберген. 1 кездесуін тең аяқтаған. 20 кездесуінде қарсыласын кездесу соңына дейін шыдатпаған. Қазіргі таңда 36 жастағы америкалық боксшы WBA уақытша чемпиондық белбеуінің иегері. Бейбітке қарсы кездесуде өз атағын қорғайтын болады.