Бейбіт Сарыбай: Еркіндікті жақсы көремін

О Сансызбай Корреспондент
О Сансызбай>
Бейбіт Сарыбай: Еркіндікті жақсы көремін

Бейбіт Сарыбай: Еркіндікті жақсы көремін

БӨЛІСУ

 

-      Бейбіт аға, ассалаумағалейкум! Алдымен бүгінгі қазақ интернет-журналистикасы туралы сөз қозғасақ. Қазіргі қазақ сайттары мен порталдарындағы жаңа медиа лебіне қандай баға бересіз?

 

-      Бүгінде ғаламтордың қарыштап дамып келе жатқанын көзіміз көріп жүр. Кез келген адамның, кез келген оқушының немесе студенттің  қолындағы смартфон, планшет арқылы ғаламторға кіруге болады. Яғни, қолжетімді десек болады. Қажетсінген адамға ғаламторды іздеп табу қиын емес. Мұнымен қоса енді интернет-журналистика да қанатын жайып келеді. Сұранысын жоғары деңгейде деп айта аламыз.  Осыған орай, қазақ интернет-журналистикасы да өз кірпішін қалауда. Жаңа медиа лебі ғаламторымызда айқын сезіледі. Өйткені, қазір газетте жарияланған дүниелерді үш-төрт күн бұрын ғаламтор желісінен оқып қойған боласыз. Газеттен сол ақпаратқа қатысты сараптамалық немесе әдеби дүниелерді шолып шығатын деңгейге жеттік. Бұл дегеніміз – тек біздің елде ғана емес, әлемде интернет-журналистиканың заманы орнап жатқанын айқын байқатады.

 

-      Газет туралы айта кеттіңіз. Осы қазіргі басылымдардың халі қалай? Алдағы уақытта газет тағдырын қалай елестетесіз?

 

-      Бүгінде мемлекеттің қолдауымен де, жеке өз-өзін қамтамасыз етіп отырған да газеттер бар. Кей газеттерге халықтың еріксіз жазылып жатқанын да байқаймыз. Егер халық еркін түрде газетке жылына жазылар болса, 80 000 таралыммен шығатын газет 8 000-ға дейін түсіп қалуы мүмкін. Кей жазылған газеттердің сапасы сын көтермегенмен, жыл он екі ай азық болар дүние сыйлайтын басылымдар жоқ емес, баршылық. Тек таңдай білу керек, таба білу керек. Газет-журнал – бұл қажет дүние.

 

-      Газет-журналдардың өзіндік жазу стилі бар. Осындай стиль бүгінгі интернет-журналистикаға да керек деп ойлайсыз ба?

 

-       Газеттің сан ғасырлар бойы қалыптасқан өзіндік жазу стилі бар. Ал бізде интернет-журналистиканың дендеп еніп келе жатқаны енді ғана. Сондықтан белгілі бір жүйесі, соқпағы бар деп айтуға келмейді. Әркім әр қилы жазады. Газет-журналдың белгілі бір стилі бар. Жаңадан келген тілші сол басылым мектебінен сабақ алады. Өзіндік жазу стилін қалыптастырады, бейімделеді. Ғаламторда ондай мектеп жоқ. Газеттерде мақалаңа жауапкершілікпен қарайсың. Басы артық сөздерді пайдаланбауға тырысасың. Ал интернет-журналистикада дәл сондай жауапкершілік бар деп айта алмаймын. Ақпараттарды оқып отырып ойды дұрыс жеткізсе, қателерін байқамай да қаласың. Өзім ғаламторда жазғанда «барыппын» деген сөзді көп қолданатын «ауруым» бар. Газетке арнап жазғанда міндетті түрде ескеремін. Сондықтан интернет-журналистикада еркіндік басым екені байқалады. Негізі жаңа медиаға да жауапкершілікпен қарау керек. Ал нақты бір жазу стилі қажет деп ойламаймын. Әркім өз еркінде жазса, құба-құп. Бастысы – бұрмаламай, ойын нақты жеткізе білу керек. Одан кейін сауаттылыққа баса мән бергеніміз абзал.

 

-      Интернет-журналистикаға қатысты көзқарасыңызды айта кеттіңіз. Енді қандай сын айтар едіңіз?  Қазіргі интернеттегі қазақ журналистикасына не жетіспейді деп ойлайсыз?

 

-      Қазіргі интернеттегі қазақ журналистикасы сілтемелердің заманы болып кеткен секілді. Бірінде жарияланған ақпарат бес минуттан кейін бірнешеуінде тұрады. Кейбірінде өзгертіліп берілсе, кейбірі сол қалпында жариялайды. Енді бірде шектен шыққан сорақылықтарды байқап қаласың. Мысалы, «facebook» желісінде жариялаған дүниеңді біреулер алып, «бізден оқы» деп сілтеме беріп қояды. Бұл енді артығырақ. Оқиға ортасына барып, немесе арнайы сұқбаттар алуда кемшін тұстар бар. Бірақ, кей ақпарат көздерін де түсінуге болады. Өйткені, қаржы қоры аз. Сайтты немесе порталды үш адам болып басқарса, оның бірі – бастық, екіншісі – көмекшісі, үшіншісі – жұмысшы. Кей сайттар халыққа танымы мол тағылымды дүниелерді ұсынып отыр. Олардың өзі ақпаратты ғаламтордан алғанмен, қазақи тілде шебер жеткізіп отыр деп айтуға келеді. Жылдамдық та нашар емес. Оның біразы алдында айтып кеткендей, сілтемелер арқылы да беріліп жатады. Бір қуанатыны – біздің интернет-журналистикада білім бар. Алда үлкен ізденіс пен еңбек өз жемісін береді деген сенімдемін.

 

-