«Africa Eco Race-2014» ралли-рейдінің бесінші кезең қорытындысы бойынша Қанат Шагиров пен Александр Мороз экипажы төртінші болып мәре сызығын кесті.
Hummer H3 жол талғамайтын автокөлігімен сынға түсіп жатқан Шагиров пен Мороз жұбы бесінші айналымда 204 шақырым жолды 1 сағат, 55 минут, 40 секундта жүріп өтті. Ал қазақстандық екінші жұп экипаждар Юрий Сазонов пен Арслан Сахимов бұл кезеңде 6-шы сатыдан көрінді. Кезеңнің жеңімпазы болып француздық Жан-Луи Шлессер мен Тьери Магнальди жұбы танылды. Ал екінші болып венгрлік Балаж Салаи мен Ласло Бункоцки экипажы келді. Мәренің үшінші орыны бельгиялық Жак Луманс пен Фриц Дрисманс жұбына бұйырды.
Жалпы есепте бес кезең қорытындысы бойыншы Қанат Шагиров пен Александр Мороз жұбы бесінші орын, Юрий Сазонов пен Арслан Сахимов экипажы 12-ші орындарын сақтап қалды.
Естеріңізге сала кетсек, 31 желтоқсан күні басталған «Africa Eco Race-2014» ралли-рейді 11 кезеңнен тұрады. Жарысқа қатысушы экипаждар жалпы ұзақтығы 2992 шақырымды құрайтын жол арқылы Африканың Марокко, Мавритания және Сенегал елдерін басып өтеді.
Дайындаған: Өмірбек Сансызбай
Сурет: thenews.kz