Халықаралық әуесқой бокс федерациясының (AIBA) АРВ жобасында бақ сынап жатқан отандасымыз Берік Әбдірахманов үшінші жекпе-жегін жеңіспен аяқтады. Нәтижесінде 2016 жылы Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында өтетін Олимпиада ойындарына жолдама алуға нықтап қадам жасады.
AIBA-ның APB жобасы аясындағы 60 келі салмақ дәрежесіндегі жұдырықтасулар Астана қаласында өтуде. Осыған дейін ирландиялық Дэвид Джойс пен филиппиндік Чарли Суарезті жеңген Берік үшінші жекпе-жегін кубалық Робсон Консейсаомен өткізді. Шаршы алаңдағы жекпе-жек аса тартысты өтіп, 58:56, 58:56, 57:57 нәтижелерімен жерлесіміз жеңіске жетті.
Беріктен өзге 49 келіде бақ сынап жатқан Біржан Жақыпов Гонконгта аргентиналық боксшы Леандро Бланнан басым түссе, Ілияс Сүлейменов Новосібірде мексикалық Элиас Эмигдио Абаркадан ұтылып, финалға жақын қалғанда сүрінді. Ал осыған дейін бұл жобада ел намысын қорғауға бел буған Әділбек Ниязымбетов жарақатына байланысты жарыстан шығып қалған болатын. Ал 91 келі салмақ дәрежесіндегі Антон Пинчук үшінші жекпе-жегін хорватиялық Марко Каличке қарсы өткізетін болады.
Айта кетейік, AIBA Pro Boxing (APB) – АІВА-ның олимпиадалық бокс және WSB жобасынан кейін қолға алған үшінші жобасы. АРВ-ның бірінші маусымына қатысатын былғары қолғап шеберлері қомақты қаржы тауып қана қоймай, алғашқы екі орынға ие болған спортшы 2016 жылы Рио-де-Жанейрода өтетін Олимпиада ойындарына жолдама алады.
APB-ның алғашқы маусымы төрт кезеңнен тұрады. Бірінші кезең 24 қазанда өтсе, екінші кезең 21 қарашада өтті. Үшіншісі 20 желтоқсанда болады. Ал финалдық жекпе-жектер 2015 жылдың 30 қаңтарына белгіленген. Жаңа жобаның алғашқы үш айналымында боксшылар алты раунд айқасса, финалдық кездесуде сегіз раунд жұдырықтасады.
Сурет: kfb.kz