Бокстан Ресейдің Екатеринбург қаласында өтіп жатқан әлем чемпионатында 81 килоға дейінгі салмақта Бекзат Нұрдәулетов жеңімпаз атанды. Отандасымыз финалда өзбек боксшысы Дилшодбек Рузметовті айқын ұтты.
Қазақ боксшыcы төрешілер шешімі бойынша 5:0 есебімен айқын жеңіске жетті. Осылайша Бекзат Нұрдәулетов 2019 жылғы әлем біріншілігінің чемпионы атанды.
- Осы әлем чемпионатына дайындықпен келдім. Бәрі сенім артты. Бапкерлерім қойған жүйені орындап шықтым. Осы жеңісімді қазақ деген еліме арнаймын, - деді Бекзат жекпе-жек соңынан.
Әлем чемпионатын алғашқы айналымнан бастаған боксшымыз барлық қарсыласын айқын ұтып шықты. Финалдың жолдамасы үшін өткен жеке-жекте Олимпиада чемпионы, әлем чемпонатының төрт дүркін чемпионы Хулио Сесар Ла Крустан басым түсті. Тіпті қарсыласын бір рет нокдаунға да түсірді.
Бекзат Нұрдәулетов 1998 жылы Ақтау қаласында өмірге келген. 2016 жылы Ресейде өткен жастар арасындағы әлем чемпонатының қола жүлдегері. Шілде айында өткен Қазақстан Президентінің Кубогында финалда Ерік Әлжановқа есе жіберіп, күміс жүлде алған.
Аз уақыттан кейін ұлттық құрама капитаны Қамшыбек Қоңқабаев шаршы алаңға көтеріледі. Отандасымыз өзбек Баходир Жалоловпен жұдырықтасады.