Қазақстандық кәсіпқой боксшы Бекман Сойлыбаев спортық мансабындағы жетінші жеңісіне қол жеткізді. Отандасымыз Украина астанасы Киевте өткен кездесуінде грузиялық Кахабер Аветисянды ұпай айырмасымен жеңді.
Сегіз раундқа жоспарланған жекпе-жек соңына дейін өтті. Қарсыласынан жылдам әрі жойқын соққыларымен ерекшеленген Бекман жеңіске бастар жолды таба білді. Төрешілердің барлығы қазақстандық боксшыны жеңімпаз ретінде таныды. Отандасымыз жекпе-жек соңынан жоспарының толық жүзеге аспағанын жүзеге аспағанын айта кетті.
- Жоспарымды толықтай жүзеге асыра алмадым. Әлі дұрыстап дайындалу керек. Қарсыласым өте тәжірибелі боксшы болды. Көргеніңіздей сегіз раунд жұдырықтастық. Мерзімінен бұрын аяқтаймын деп ойлағанмын. Бірақ, қарсыласым жақсы шықты, - деді боксшы спорт тілшісі Нұрғазы Сасаевқа берген сұхбатында.
Айта кетейік, Бекман Сойлыбаев Оңтүстік Қазақстан облысындағы Сарығаш ауданына қарасты Дербісек ауылында туып-өскен. Кәсіпқой бокстағы мансабын 2014 жылдың тамыз айында бастады.