64 келіге дейін салмақта бақ сынайтын қазақстандық боксшы Бекдәулет Ибрагимов Ташкентте өтіп жатқан Азия чемпионатының екінші айналымына шықты.
Отандасымыз Азия чемпионатының бірінші айналымында малайзиялық Хир Азмимен кездесті. Екі боксшы арасындағы кездесудің бірінші раундты тең дәрежеде өтті. Екінші раунда Ибрагимов қарсыласын нокдаунға түсірген болатын. Дегенмен қарсыласы жекпе-жектің соңына дейін шыдады. Кездесудің қорытындысы бойынша отандасымыз төрешілердің шешімі бойынша жеңіске жетті.
Келесі айналымда Бекдəулет Ибрагимов иорданиялық Обад Алкасбехпен кездеседі. Жекпе-жек ертең, 1 мамыр күні өтеді.
Ташкенттегі Азия чемпионатына 29 елден 200-ге тарта боксшы қатысады. Қытай, Үндістан, Иран, Йордания, Оңтүстік Корея, Моңғолия, Пәкістан, Шри-Ланка, Тәжікстан, Қазақстан мен Өзбекстан құрамалары толық құрамда (10 боксшыдан) жарыс жолына шығады.
Осы жылғы Азия чемпионатына Біріккен Араб Әмірлігінің боксшылары алғаш рет қатыспақ. Сондай-ақ 2002 жылдан бұл жарысқа қатыспай кеткен Сингапур елінің боксшылары да Ташкент төрінде жүлдеге таласатын болады.
Бүгін басталған Азия чемпионатында Гамбургте (Германия) өтетін әлем чемпионатына 60 жолдама беріледі. Яғни, әр салмақта үздік алтылыққа енген боксшылар ие болады.